Әлем чемпионы А.Әбікееваның отбасы ақтық сынды бірге тамашалап, қуанышымен бөлісті
Бұл кеше ғана бокстан Әлемнің 2 дүркін чемпионы атанған Аида Әбікееваның отбасы. Боксшының жақындары жиналып, ақтық сынды бірге тамашалаған. Қарағандылық боксшы Англия төрінде атой салып 65 кг салмақта чемпион атанды. Боксшы соңғы 9 айда өткен ірі турнирлердің барлығында алдына қара салмай келеді. Алдымен Азия чемпионы атанды, наурыз айында 63 келіді әлемді бағындырып, араға 3 ай сала атағын абыроймен қорғады. Аида Әбікееваның спортқа келуіне марқұм атасы себепкер болған. Көп балалы отбасыдан шыққан спортшы 11 жасынан бастап бокспен айналысуда. Анасының айтуынша, Аида бірнеше мәрте ауыр жарақат алса да, еш мойымай спорттан қол үзбей келеді. Енді алдағы мақсат Азияда ойындары мен Олимпиада алтыны.
Қарлығаш Әбікеева, А. Әбікееваның анасы:
Әлем чемпионатына аттанарда ол нық сеніммен «Анашым, қазақ еліне алтын сыйлаймын. Алла амандығын берсе, чемпион боламын» деп кеткен еді. Сол сөзінде тұрды. Бәрімізге, тіпті бүкіл қазақ еліне қуаныш сыйлады. Кеше қуанышымыз қойнымызға сыймады.
Асланбек Қоразбай, А. Әбікееваның ағасы:
Еңбек қой. Бақ шапа ма, бап шапа ма?! Ол дайындалды, тер төкті. Бір сәт шешуші кезең болды, жарақат та алды. Тіпті спортты тастаймын ба деген ой да келді. Әр спортшының арманы — Олимпиада. Енді мақсат — 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
