Жамбыл облысында 60 жыл бойы асфальтсыз отырған ауылдар бар
Жамбылда құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де жолы жоқ ауылдар бар. Талас ауданындағы Қайыр және Арал елді мекеніне апарар жолдың шаңы шығып жатыр. Ал ауылішілік жолдарында асфальт атымен жоқ. Жырақтағы жұрт жаңбыр жауған күні тобықтан балшық кешеміз дейді. Көктем, күзде көліктер көшелердегі құмға батып, қозғалыссыз қалады. Оқушылар мектепке резеңке етік киіп баруға мәжбүр. Ал 12 шақырым жерде орналасқан ауылдық округ орталығына тегіс тасжол төселген. Бұқара 350 тұрғыны бар елді мекендер елеусіз қалды деп ашынады.
Мұхит Тұрмағамбетов, Қайыр ауылының тұрғыны:
Айтып-айтып шаршадық. Мына жақта да бір ауылымыз бар. Бір-бірімізге қатынау қиын. Автобус жүрмейді. Такси шақырсаң, бағасы қымбат. Мына жолға келмейді. Біздің ауыл негізі ұмыт қалған ауыл сияқты – екі ауыл. Ешқандай бізге көмек жоқ. Қарамайды, келеді, өтірік уәде береді, кетеді.
Қалбай Қадырбаев, Арал ауылының тұрғыны:
Жол деген... Тәуелсіздікке дейін де, кейін де жол мәселесі мүлдем қарастырылмаған. Қыстың күні батпақ, лай, жеңіл машинаға өте қиын. Үлкендеу тракторлар болмаса арнайы техникалар болмаса жеңіл көлік анда-санда өтеді.
Аудан атқамінерлері ауылға апарар 12 шақырым жолға 2 жыл бұрын асфальт төсемек болғанын айтады. Бірақ облыстан сұралған 540 млн теңге қолдау таппаған. Бүгінде жобалық құжаттаманың мерзімі өтіп кетті. Жолға жауаптылар аудандық маңызы бар жолдар бойынша тек осы бағыт қана қалып қойды дейді.
Ринат Бекбосын, Талас ауданы әкімінің орынбасары:
Жобаны 3 жылдық мерзімі өтуіне байланысты корректировкаға береміз. 90 да 10 әдісі болмаған жағдайда, 50 де 50 әдісін ұсынамыз. Яғни 50 пайызы облыстық бюджеттен, 50 пайызы аудандық бюджеттен қарастыру мүмкіндігін қарастырамыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
