Басты Жаңалықтар Жеңіл өнеркәсіп саласында Өзбекстанмен ынтымақ артады

Жеңіл өнеркәсіп саласында Өзбекстанмен ынтымақ артады

Отандық жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері өзбекстандық кәсіпкерлермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл жайында Ташкентте өткен тоқыма-тігін өнеркәсібі халықаралық көрмесінде айтылды. Ауқымды шараға еліміздің оңтүстік өңірінен бизнес өкілдері қатысып, тиісті келісімдер жасасу бойынша бірқатар кездесу өтті.

Шымкенттік кәсіпкер Бахадыр Туракулов көрмеге арнайы келген. Жұмысшылар киімін тігумен айналысатын фабриканың өкілі өндіріске қажет заманауи құрылғылармен танысуды мақсат етіпті. Ең тиімді тұсы - ауқымды шараның Ташкентте өтуі, бұл – жақын жерден керегімізді табуға тамаша мүмкіндік дейді.

Бахадыр Туракулов, тігін фабрикасының басшысы:

Инновациялық тың жобалар, тоқыма өнеркәсібі үшін ауа баптағыштар, сүзгілер мен желдеткіштер қызықтырды. Оларды Еуропадан тасымалдау шығыны тым жоғары. Ал көрші елден жеткізу анағұрлым тиімді. Өзбекстандық кәсіпкерлермен болашақта бірлесе жүзеге асыратын жобаларды көздеп отырмыз.

Тігін-тоқыма өнеркәсібіне арналған жабдықтар мен технологиялардың халықаралық көрмесіне түрлі станок, мата мен жіпті бояйтын заманауи құрылғылар қойылған. Кәсіпкерлер үшін өте қызықты әрі пайдалы көптеген жобалар таныстырылды.

Дәулет Қанашаев, «Балтекстиль» кәсіпорны директорының орынбасары /Қазақстан/:

Мұндай көрмелерге қатысу әрқашан жаңа идеялар тудырып, шабыт береді, жұмысты жандандыруға, өндірісті кеңейту мен оңтайландыру бойынша өзбекстандық әріптестерімізден үйренеріміз мол. Тоқыма тігін өндірісі мұнда жақсы дамып келе жатыр.

Ташкентте өтіп жатқан шара тоқыма-тігін индустриясындағы  инновациялар мен бизнес апталығы іспетті. Жеңіл өнеркәсіп тауарларының халықаралық көрмесі осы саладағы бизнес өкілдері арасында сенімді серіктестік орнату үшін таптырмас алаң.   

Людмила Стайшюнайте, ұйымдастырушы, «Iteca Exhibition» компаниясының бөлім басшысы:

Бұл жеңіл өнеркәсіп төңірегіндегі іскер жандарды біріктіретін платформа. Өзіндік ерекшелігі – технологиядан бөлек, тоқыма бұйымдары мен шикізат сатып алуға да қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен ТМД- ның өзге елдерінен тұрақты келушілеріміз бар.

TextileExpo дәстүрлі көрмесі биыл 25-рет өтіп отыр. Осы уақыт аралығында оған 40-тан астам елден 3500-дей компания қатысып, өз өнімдерін таныстырды.


Бөлісу