Басты Жаңалықтар БҚО-да 59 мыңнан астам кәсіпкер еңбек етеді

БҚО-да 59 мыңнан астам кәсіпкер еңбек етеді

Мемлекет басшысы Жолдауда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жуықтағанын айтты. Бірақ бұл саланы әрі қарай да дамыта түсу қажеттігіне тоқталды. Батыс Қазақстан облысында 59 мыңнан астам кәсіпкер еңбек етеді. Экономиканың әр саласында өнім шығарып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттамыз. Мұнда диаметрі  20 миллиметрден 1600 мм-ге дейінгі құбырлар өндіріледі. Мына бір көк жолақтылары - сумен жабдықтау, сарысы газ тарту кәсіпорындарында қолданылады.

Бұл - жылу, жарық, телекоммуникация, яғни барлық инженерлік желіге қажет өнім. Бұдан басқа кәсіпорын құрылыс жабындарын, тұрмыстық бұйымдар мен жол белгілерін шығарады. Оралмен қоса, Қарағанды қаласындағы өндіріс орнында 140 адам жұмыс істейді.

Роман Хисаметдинов, компания бөлімінің басшысы:

Өндірісті жыл сайын жаңғыртамыз. Технологиялық желілердің барлығы автоматтандырылған. Қаржылық ұйымдардан жеңілдетілген несиемен қажетті құрал-жабдықтар аламыз. Мемлекеттің қолдауынсыз өнім шығару өте қиын. Сондықтан біз кәсіпкерлерге беріліп жатқан барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысамыз.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласы - бұл жаңа жұмыс орындары, салық түсімі мен инновациялар. Өңірде бұл салада 120 мың адам еңбек етеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да кәсіпкердің қолын байлайтын әкімшілік кедергіні жою, шамадан тыс тексеруді тыю туралы тапсырма берді.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында 2,1 млрд теңге қарастырылған болатын. Бұл несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдеме беру, гранттар қарастырылған. Сонымен қатар облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне облыс бойынша 125 кәсіпкер тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша БҚО 3-орында тұр.

Елдегі шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі орташа есеппен 40 пайызға жуықтаса, өңірде бұл көрсеткіш 36%-ға тең. Экономиканың негізгі қозғаушы күші аймақта 664 млрд теңгенің өнімін шығарған.


Бөлісу