Басты Жаңалықтар Өскеменде оқу бағдарламасы толық цифрлы жүйеге көшті

Өскеменде оқу бағдарламасы толық цифрлы жүйеге көшті

Өскемендегі ірі өндірістердің дені цифрлы технологияға негізделген. Онда жұмыс істейтін мамандардың да білімі мен біліктілігі соған сай болу керек. Сондықтан өңірдегі техникалық оқу орындарында білім алып жатқан студенттер алғашқы курстан бастап-ақ қашықтан басқарылатын станоктар мен агро-дрондарды меңгеріп, жасанды интеллектінің қыр-сырын үйренеді. Ал білім ошақтарының базасы уақыт талабына сай жаңғыртылып жатыр.

Өскемендегі политехникалық колледж цифрлы технологияға алғашқы болып көшті. Студенттер қазір конвейерді басқару бағдарламасын жасап, машиналардың жұмыс сызбасын модельдейді. 3-курс студенті Александр Энгель қазірдің өзінде жасанды интеллектімен басқарылатын жүйелерді қадағалай алады.

Александр Энгель, политехникалық колледж студенті:

Өндірісте ақау болмауын қамтамасыз ету үшін жасанды интеллекті бар станцияларға маман дайындайды. Болашақта сандық технологияны жақсы меңгерген адамдар ғана сұранысқа ие болады деп ойлаймын.

Озық технологияны жетік меңгерген жас мамандарға  кез келген уақытта сұраныс жоғары.  Өскемендегі техникалық оқу орнын бітірген түлектер қазір Жамбыл облысындағы жел электр станциясын салуға үлес қосып жүр.  Ал өңірдегі зауыттарда жыл сайын 5 мыңнан астам студент іс-тәжірибеден өтеді.

Наталья Макридина, зауыттың техникалық директоры:

Бізге кадрлар өте қажет. Жыл сайын шамамен 20 студентті қабылдап, өндірістік тәжірибеден өтуге жағдай жасаймыз.

Қазір өңірдегі колледждермен 200-ден астам кәсіпорын өзара байланыс орнатқан. Кәсіпкерлер де болашақ кадрлардың бәсекеге қабілетті болуын қалайды.

Әлима Ақылбек, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Облыстың бюджетінен жарақтандыру үшін 384 миллион теңге  бөлінді. Жаңадан қондырғылар алу үшін және материалдық техникалық базасын көбейту үшін, сонымен бірге 178 миллион теңге колледждердің жағдайларын жақсартуға, яғни ремонт жұмыстарын жасауға бөлінді.

Өңірде білікті мамандарды даярлау ісі жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Бұл бағытта 5 колледжде алдағы жылдары еңбек нарығында сұранысқа ие  жаңа мамандықтар ашылды. Қазірдің өзінде колледж бітірген жас мамандар шаруашылықтарда  агро-дрондарды еркін меңгеріп, заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде қолданып жүр.


Бөлісу