Алматыға жарты жылда млн-нан аса турист келген
Алматы туризм бойынша елімізде көш бастап тұр. Биыл жарты жылда шаһарға миллионнан аса турист келген. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау әлі де дұрыс жолға қойылмай тұр, дейді мамандар. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында Алматы мен Алматы облысындағы тау туризміне ерекше назар аударған. Бұл бағытта заманауи инфрақұрылым құру – басты міндет. Ал Алматыда тау кластерін дамытуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Мегаполиске табан тіреген туристер тауға шықпай кетпейді. Мәселен, «Шымбұлаққа» келушілер саны 2,5 есеге артып, тәулігіне 15 мың адамға дейін жеткен. Алайда инфрақұрылым тапшылығы зекті мәселе, дейді демалушылар.
Қазір тау кластерін дамыту үшін кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, жаңа жобаға халықаралық компаниялар тартылады. Жоспар бойынша жаңа бағыттар ашылып, соқпақтар абаттандырылып, көлік қатынасы жақсартылмақ.
Айбол Мұратхан, қалалық Туризм басқармасының тау кластерін дамыту бойынша бас менеджері:
Тау кластеріне тоқталатын болсақ, қазір демалыс орындары келушілерді қабылдау мүмкіндігінен асып кетті. Сол себепті инфрақұрылымды кеңейтіп, экожүйені сақтай отырып, жаңа туристік бағыттарды дамытуды жоспарлап отырмыз.
Кешенді жоспар «Шымбұлақ», «Oi-Qaragai», «Кімасар», «Бутаковка» және «Pioneer» сияқты бағыттарды қамтиды. Ал Алмаарасан шатқалында жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, көпірлер қайта жасалды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Алматының тағы бір туристік жауһары - Алмаарасан шатқалы. Бұл жер ыстық бұлақтарымен, тау өзенімен танымал. Мұнда күніне мыңдаған турист ағылатындықтан, жақында бұлаққа дейінгі жол қайта жаңғыртудан өтті. Тау беткейлері нығайтылып, көпірлер қайта жасалды. Енді келушілер қауіпсіз саяхаттай алады.
CNN Travel биыл Алматыны әлемдегі үздік 25 туристік бағыттың қатарына қосса, Booking.com мегаполисті танымал туристік бағыт ретінде атады. Мамандар тау кластерінің дамуы – еліміздің ұлттық брендіне айналуына жол ашады дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
