Басты Жаңалықтар Түркістанда 1 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

Түркістанда 1 млн гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

Мемлекет басшысы өз Жолдауында игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, пайдаға асыру керектігін тапсырды. Бұл ретте Түркістан облысында соңғы үш жылда 1 миллион гектардан астам жер жекелеген азаматтардан аудандық жер қорына өтті. Ал жыл соңына дейін тағы 110 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Мамандар бұл жерлер кезінде ауыл шаруашылығы мақсатында жеке тұлғаларға берілгенімен, жылдар бойы пайдаланылмағанын айтады.

Жаңа Қоныс ауылындағы серіктестік төрағасы Құрманғали Тұрымбетов «Келес» кеңшары тараған кезде 700 гектар жайылым және 130 гектар суармалы жерді өз меншігіне алған. Содан бері бұл жерлер толықтай игерілмеген. Жайылымға жіберетін малдың саны аз болған. Арнайы үлкен қора да салынбаған. Серіктестік төрағасы қазір жерді бес ауылдың ортақ пайдалануына бергенін айтады.

Құрманғали Тұрымбетов, Жаңа қоныс ауылының тұрғыны:

730 гектар жерді меморандуммен екі жыл, жалпы, Мақташы, Қарабура, Жаңа қоныс, Жамбыл, Бесауыл ауылдары ортақ жайылым ретінде пайдаланып жатты. Ал 2023 жылдың қазан айында Қошқар ата әкімшілігінің балансына өткіздік. Қазір көпшілік пайдаланып жатыр. Барлық мал сол жақта ғой.

Аймақта ортақ мал басына шаққанда жайылым жерлер жетпейді. Мәселен, бір ғана Келес ауданындағы малдарды жайылыммен толықтай қамту үшін тағы  276 мың гектар жер керек. Осы бағытта жер мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 5700 гектар жер аудандық жер қорына өтті.

Самат Тайрахунов, Келес аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

Малы тіркелмеген, қора соқпаған, жерді ұтымсыз пайдаланып жатқан, заңбұзушылықпен айналысып, заңға сәйкес игерілмей жатқан жерлерді тауып қайтардық. Иесіз мүлік ретінде тіркеп, қайтарып алып жатқандарымыз да бар. Алған, өзі қайтыс болып кеткен.

Өңірде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару екі бағытта жүзеге асырылуда. Біріншісі ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспар аясында жүргізілсе, екінші бағыт жұмыс тобы анықтаған ортақ жайылымдарды қайтару жоспары бойынша іске асуда. Бүгінде Жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан 124 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде.

Марат Әбуов, Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

Қайтарылған жерлердің басым көпшілігін елді мекенге жақын орналасқан жерлердің барлығын халықтың қоғамдық жайылымы үшін бекітіп беріліп жатыр. Ал егер де ыңғайсыз жерлер болатын болса, оны конкурс арқылы пайдалануға беріп жатырмыз.

Сала мамандарының сөзінше, қайтарылған жерлердің дені жайылымдар. Ал жерін бергісі келмегендердің мәселесі сот арқылы шешілуде. Мәселен, өткен жылы мемлекет меншігіне өткен 70 мың гектар жердің 8 мыңы сот тәртібімен қайтарылған. Биыл сотта 13 мың гектар жерді қайтару қаралуда.


Бөлісу