Шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр
Батыс Қазақстан облысында Ресей мен Қазақстан шекарасындағы «Сырым» көлік өткізу бекеті қайта жаңғыртылып жатыр. Жолдауда Мемлекет басшысы: «Кейбір бекеттердің сапасы сын көтермейді, қазіргі заманның талабына сай келмейді. Сондықтан автокөлікпен жүк тасымалдауға арналған шекара маңындағы қызмет сапасын жақсартуды Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын», - деген болатын. Тапсырмаға сай жаңартылған бекеттерде құжат рәсімдеуде цифрлық тәсілдер енгізіледі.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Біз қазір Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу бекетінде тұрмыз. Бұл тұста өңір Самара облысымен шектеседі. Бір ай бұрын бекетті қайта жаңғырту басталды. Қазір ескі асфальтты қыру, жер қазу жұмысы жүріп жатыр.
Ескірген өткізу бекеті түгел бұзылып, қайта салынады. Қазір өткелде 6 жолақ болса, жаңғыртудан соң оның саны 14-ке дейін ұлғаяды. Заманауи инспекциялық-тексеру кешендері орнатылады. Әкімшілік ғимараттар бой көтереді.
Данияр Дүйсенғалиев, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:
Президент тапсырмасы бойынша автокөлік өткізу бекеттерін қайта жаңғырту жобаларын іске асыру басталды. ИДК деген құрылғы болады, ол көліктердің жүріп келе жатқан бағытын тоқтатпай, қозғалыс барысында рентгенге түсіріп алатын құрылғы салынады. Одан қызметтік иттерге вольер, гараждар салынады.
Жоба құны – 22 млрд теңге. Президент шекара және кеден бекеттерінде сапалы интернет жоқтығына сын айтқан болатын. «Жұрттың наразылығын туғызатын келеңсіз жағдайларды тез арада түзетуді» тапсырды.
Ернияз Мақсотов, Мердігер компанияның жоба жетекшісі:
Шекаралас өңірлерде әдетте байланыс пен интернет нашар болады. Ал қайта жаңғыртылған бекеттер соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталады. Ұялы байланыс операторларының мұнарасы қойылады. Немесе Старлинк спутник интернеті қосылады.
Мемлекет басшысы жүк тасымалдаушылардың да базынасын
жеткізді. «Жүргізушілер құжат рәсімдеу, тіркеудің көп уақыт алатынын айтып, жиі
шағымданады». Соның кесірінен ұзын-сонар кезек қалыптасып жатады. Шекаралық
бекетте электронды кезек енгізілген. Бірақ әлде де жетілдіре түсу қажет.
Азамат Мерзакулов, көлік жүргізуші:
Менің кезегім 7-сі өтіп кетті. Жолда көлігім сынып қалды. Енді 100 МРП-ға кезек алдым. Электронды кезек жүйесін әлде де жақсартып, мына жерге QR-кодпен төлейтіндей бір қондырғы жасап берсе, жақсы болар еді.
Ал салаға жауапты Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары көлік тізгіндегендердің ұсынысы министрлікте қаралып жатқанын жеткізді.
Дамир Чуреев, облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бөлім басшысы:
Автомобиль өткізу пункттерінде электрондық кезек жүйесін табысты енгізу жалғасуда. Бүгінде 79 мыңнан астам автокөлік құралдары броньдалып, жүріп өтті. Бұдан басқа «CarGoRuqsat» жүйесі мемлекеттік органдардың 17 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.
«Сырым» бекеті арқылы тәулігіне 1200 жүк көлігі өтеді. Қазір жөндеуге байланысты көлік саны 700-ге дейін шектелген. Құрылыс келер жылдың соңында аяқталмақ. Жалпы, алдағы үш жылда елімізде 34 бекет жаңарады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
