Alatau city еліміздің алғашқы цифрлық қаласы болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Alatau қаласын заманауи цифрлы орталыққа айналдыру жөнінде бастама көтерді.
Бұл еліміздегі жаңа іскерлік және технологиялық хабқа айналуы тиіс. Президенттің айтуынша, дамушы елдерде инвестиция мен технологияны тартатын басты нүктелер алдыңғы қатарлы қалалар.
Аталған жоба бойынша, қазірдің өзінде арнаулы аумақ бөлініп, бастапқы жоспарлау аяқталған, негізгі инфрақұрылым желілері тартылған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қытайға жасаған сапары кезінде әлемдік деңгейдегі компаниялармен миллиардтаған долларлық келісімдер жасалғанын жеткізді. Сол компаниялардың бірі - жаһандық технополис Шеньчжень құрылысына қатысқан ұйым Alatau city жобасын жүзеге асыруға атсалысады. Ал, Үкімет 10 күн ішінде қалаға арнаулы мәртебе беретін Жарлық жобасын әзірлеуі тиіс. Алты айдың ішінде басқару режимі, қаржылық моделі және өзге де маңызды тұстары айқындалған жеке заң қабылдануы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ерекше мәртебе – артықшылық емес, қажетті құрал. Онсыз жоба қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Alatau city Орталық Азиядағы алғашқы толық цифрлық қала болмақ. Мұнда смарт-сити технологиялары енгізіліп, тауарлар мен қызметтерді криптовалютамен төлеу мүмкіндігі қарастырылады. Бұл жоба – еліміздің болашақ келбеті. Alatau city технологиялық прогресс пен жайлы өмір сүру ортасын үйлестіретін жаңа шаһарға айналғаны жөн.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
