Елде сәби өлімі 26 пайызға, ал ана өлімі 10 пайызға азайған. Бұған медицина саласындағы реформалар мен алдын алу шараларының нәтижесі әсер етіп отыр, -дейді сала министрлігі. Бүгінде перзентханалар жұмысы жетілдіріліп, нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмек күшейтілген. Туа біткен патологиясы бар 1500-ге жуық сәби жыл сайын шұғыл ем алады. Сондай-ақ неонаталды өлім-жітім 19 пайызға қысқарған. Бұған жүкті әйелдердің 90 пайызының тұрақты түрде пренаталдық скринингтен өтуі себеп. Алайда дәрігерлер жас қыз-келіншектер арасында анемия, жүрек-қан тамырлары және эндокриндік аурулар жиілегенін айтады. Сондықтан денсаулықты бақылап, жүктілікті алдын ала жоспарлауға кеңес берді.
Шакизат Халықова, ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:
Жүкті әйелдердің денсаулығының аздап төмендегені анық. Жүкті әйелдердің арасында қазір анемия, жүрек қан тамырлар жүйесінің аурулары, бүйрек аурулары және эндокриндік жүйенің аурулары жиі кездеседі. Біз жүктілікке дейін денсаулығына толық сараптама өткізіп, қажетті тексерулерден өтіп, емделіп сауығып барып, жүктілікті жоспарлауды насихаттаймыз.
Динара Жарқынбек
