Ұлыбританияда пышақпен жасалған қылмыс саны 87 пайызға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда пышақпен жасалған қылмыс саны 87 пайызға артты

30.07.2025

Ұлыбританияда суық қару қолданып жасалатын қылмыс түрлері соңғы он жылда 87 пайызға артқан. Тіпті Лондонның өзінде емін-еркін жүріп-тұру қауіпті болып барады. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Бұл – үш жерінен пышақталып, қаза тапқан 17 жастағы баланың әкесі Мартин Коссер. Қайғыдан қан жұтқан ол оқиғадан кейін қайырымдылық ұйымын құрып, жастарды суық қарумен жасалатын қылмыстардан аулақ болуға үйретіп жүр.

Мартин Коссер, «Чарлиге берілген уәде» қорының негізін қалаушы:

Қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Бірақ бәрібір ұлымызды қайтара алмайтынымыз анық. Өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін осы ұйымды құрдық.

Ұлыбритания қылмыстың бұл түрі бойынша Еуропада көш бастап тұрғандардың қатарында. Тек өткен жылдың өзінде 50 мыңнан аса адам суық қарудың құрбаны болған. Әсіресе, ас үй пышағын қару ретінде пайдаланатын жасөспірім көп.

Амани Симпсон, «Қауіпсіздік орталығы» ұйымының тренері:

Бұның бәріне кедейшілік, қоғам тарапынан жасалатын қысым, бейне ойындар себеп.

Элли Маршалл, мектеп мұғалімі:

Ұлыбританияда шамамен 4,5 млн бала кедей отбасында тәрбиеленеді. 8 бен 25 жас аралығындағы әрбір бесінші адам психикалық қиындыққа тап болып отыр.

Былтыр Аксель Рудакубана есімді жасөспірім 3 балауса қызды өлтіріп, он адамды жарақаттады. Осыдан кейін ғана үкімет пышақ саудасы талаптарын күшейтіп, оны ғаламтор арқылы жарнамалайтын компанияларға айыппұл салу туралы шешім қабылдады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу