Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында 50 мыңға тарта қандасымыз тұрады. Ал шахар маңында қазақтар қоныстанған ауылдар өте көп. Мұндағы ағайын ұлтымыздың салт -дәстүрін берік ұстанып, тілін таза сақтап келеді. Кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп жүрген жастар көп. Көрші елдегі қандастарымыздың тұрмыс- тіршілігі жайлы келесі бейнематериалда.
Он саусағынан өнері тамған Әлия Бөрібаева ұлттық киімдер тігуді үш жыл бұрын бастаған. Содан бері Ташкенттегі қандастарға шапан мен қамзол, оюлы құрақ көрпеше тігіп, қуантып келеді. Қазақы дәстүрді ұстанатындар үшін Әлияның қолынан шыққан дүниелердің орны бөлек. Жергілікті өзбек ағайынның да қызығушылығы зор.
Әлия Бөрібаева, қолөнер шебері:
Бұл киім осындай мағына береді, бұл біздің дәстүріміз десең, таңғалып: Сендер қазақтың салтын керемет сақтайсыңдар екен, – деп тамсана қарайды. Қазақтың ою-өрнектері өзіме қатты ұнайды. Қолмен жасап, әдемі шықса, ерекше қуанып қаламын.
Жоғарғы Шыршық ауданында кіл қазақтар қоныстанған ауыл көп. Мұндағы балалар қазақ мектептерінде білім алады. Үлкендер жағы өскелең ұрпақты әрдайым ұлттық құндылықтармен сусындатып келеді.
Жәдігер Қойлыбаева, Жоғарғы Шыршық ауданының тұрғыны:
Біз қазақтың ұлттық салт-дәстүрін ешқашан ұмытқан емеспіз. Наурыз мерекесі мен түрлі той-томалақтар – бәрі де қазақ тілінде өтеді. Өз тілімізден ешқашан бас тартпадық. Өзбекстанда тұрсақ та, ешкім бізді сендер қазақсыңдар деп бөліп-жарған емес.
Ресми мәлімет бойынша Өзбекстанда 900 мыңға тарта қандасымыз өмір сүріп жатыр. Тоғыз өңірде қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді.
Cерікбай Үсенов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы:
Қазақтар ең көп шоғырланған өңір – Ташкент облысы. Әсіресе Бостандық, Жоғарғы және Төменгі Шыршық аудандары мен Шыршық қаласында 24 мыңға жуық қазақ тұрады. Ал Ташкенттің өзінде 48 мыңдай қазақ бар.
Көрші елде жасайтын қандастарымыздың басты ұраны бірлік пен татулық. Замана көшінен қалмай шағын кәсіп ашып өз ісін дөңгелетіп жүрген жастар да баршылық. Солардың бірі кейіпкеріміз Әлия шағын шеберханаларында 20 ға тарта адамды жұмыспен қамтып отыр.
Базаркүл Отыншиева
