Әлеуметтік қолдаудың арқасында жас отбасылардың әл-ауқаты артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қолдаудың арқасында жас отбасылардың әл-ауқаты артып келеді

26.07.2025

Елімізде жастар мен отбасыларды әлеуметтік қолдау өз нәтиже беріп келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша баспанамен қамтудың «Наурыз», «Отау» бағдарламалары қабылданып 2019 жылы 8 млрд теңге бөлінген болатын. Соның игілігін 35 жасқа дейінгі 5400 отбасы көрді. 

Нұргүл Төлегенқызы колледжде сабақ береді. Екі баланың анасы. Жазғы еңбек демалысын пайдаланып екі бөлмелі жаңа пәтерін жөндеп жатыр. Жолдасы зауытта жұмыс істейді. Екі адамның еңбекақысы жеңілдетілген несиені жабуға еркін жетеді дейді.

Нұргүл Шевцова, қала тұрғыны:

Осы бағдарлама аясында баспаналы болғанға дейін талай жыл жалдамалы пәтерде тұрдық. Жағдайымыз оңай болған жоқ. Бұл – тек менің емес, бүкіл отбасымның қуанышы. Мемлекеттен мұндай қолдау мен мүмкіндік болғанына шексіз ризамын.

Елімізде әйелдер мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа заң қабылданғаннан кейін өңірлерде отбасын қолдау орталықтары ашылды. Мәселен биылғы жылдың қаңтарына дейін Қазақстан бойынша 33 қана орталық болса, биыл олардың саны бірден үш есеге өсті. Бес мыңға жуық отбасы қазір осы орталықтардан кешенді қолдау көріп отыр.

Гүлнар Нұржанова, Павлодар қалалық отбасын қолдау орталығының директоры:

Жыл басынан бері 65 отбасы бізден көмек сұрап келді, барлығы – 185 адам. Қазір 19 отбасына тұрақты қолдау көрсетіп келеміз. Ал 46 отбасыға психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берілді.

Осы орталық жанынан 20 жедел еріктілер тобы құрылған. Олар қаланың әр шағын ауданында тұратын әлеуметтік аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларды есепке алып, орталыққа бағыттап отырады. Бұндай әріптестік халықтың әлеуметтік осал топтарын анықтап, олардың тұрмысын жақсартуға ықпал етеді. Ал мемлекет бұрын қоғамдық ұйымдардың басқаруында болған мекемелерді өз бақылауына көшіріп жатыр. Солардың бірі «Балалары бар әйелдерді әлеуметтік-психологиялық сауықтыру және » орталығы.

Ажар Сағындықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл орталық алғашында қоғамдық бірлестік ретінде жұмысын бастаған. Қазір мемлекеттік басқаруға өтті. Жаңа заң қабылданған соң мұндай өзгеріс барлық өңірде жүзеге асып жатыр. Павлодардағы ғимарат ескіргендіктен, қала басшылығы орталықты көшіруге дайындық жүргізуде. Бұл – нақты көмек көрсетіліп жатқанын білдіреді.

Заң жұмыс істесе халықтың жағдайы жақсарады. Отбасын енді құрған жастар мұның іс жүзінде пайдасын көруде.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу