Бүгін Қосшы қаласында 100-ден астам адамға су жаңа пәтер кілттері табысталды. Бұл күнді жас шаһар тұрғындары 11 жыл бойы асыға күткен. Нысанды салатын құрылыс компаниялары ауысып, үлескерлерді біраз сергелдеңге салыпты. Десе де бүгін ағайын аңсаған күнге жетіп, баспаналарында қоныс тойын тойлады. Салтанатты жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өзі қатысып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.
Гүлбақша Далина, қала тұрғыны:
Бүгін жүрек жарылар қуанышқа кенелдік. 10 жыл бойы үмітіміз үзілуге шақ қалды. Мұндай керемет кешен салынады деп мүлде ойламадық. Тек аман-есен аяқталса екен деп тілеп жүрдік. Осыдан 11 жыл бұрын баламызға арнап бір бөлмелі пәтер алғанбыз. Бір жылда пайдалануға беріледі деген. Бірақ сенбедік. Үш жылда алсақ та шүкір дедік.
Ауласында думан өткен «Ынтымақ» түрғын үй кешеніне барлығы 110 отбасы қоныстанды. Жақында тағы 200-ге тарта адамға дәл осы жерден жаңа баспана берілмек. Жалпы, бүгін қосшылықтар үшін қос қуаныш қатар келді. Қоныс тойдан бөлек көпшілік қала күнін тойлады. Тәй-тәй басқан жас шаһар 4 жасқа толды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
Бұл жерде 547 пәтер салынды. Жаңа келісім бойынша Қосшы тұрғындары осы пәтерлерге ие болады. Оның ішінде әлеуметтік топ бар. Кезекте тұрған басқа топтар бар. Бірінші, қазіргі келісімшарт бойынша 180 пәтер салынып жатыр. Жартысы әлеуметтік, жартысы кезекте тұрған топтарға. Сол себепті, осы 547 пәтер Қосшы тұрғындарына бұйырады.
Алдияр Айтбай
