Ақмола облысында реновация бағдарламасымен жаңа үйлер салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында реновация бағдарламасымен жаңа үйлер салынып жатыр

25.07.2025

Ақмола облысының Макинск қаласында реновация бағдарламасымен 120 пәтерлі қос үйдің құрылысы басталды. Жаңа баспана көктемгі су тасқынынан зардап шегіп, үйлері апатты деп танылған 53 отбасыға берілмек. Қалған пәтерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға үлестіріледі.

Бұл Макинск қаласында реновация бағдарламасымен бой көтеріп жатқан алғашқы үйлер. Жоба «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Қазір құрылыс алаңына фундаменттік блоктар мен өзге де құрылыс материалдары жеткізіліп, қадаларды қағу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, 120 пәтерді Макинск қаласының тұрғындарына баспана ретінде тапсыруды жоспарлап отырмыз. Реновация бағдарламасы аясында салынып жатқан алғашқы үй Бұланды ауданында. Бұл бағытта тәжірибеміз бар. Осындай үйлер Көкшетау, Бурабай және Щучинск қалаларында салынған, іске қосылып, тұрғындар сапалы баспанада өмір сүріп жатыр.

Бес баланың анасы Бахтыгүл Молдамұратова жаңа үйден баспаналы болудан үмітті жандардың бірі. Көктемде су басқан үйінің іші әлі де сызданып тұр. Сондықтан қолқаны қабатын иістен қашып, мүгедек қызын көбіне далада демалдыруға мәжбүр.

Бақтыгүл Молдамұратова, Макинск қаласының тұрғыны:

Бұл үйім 2019 жылы апатты деп танылып, 7-орынға қойылған. Содан бері осы жерде тұрып келеміз. Екі жылдан бері үйге су кіреді, былтыр қаңтар айына дейін жертөлемде су тұрды. Үй суық, бес балам бар. Енді үй береміз деп жатыр, соған қуанып отырмыз. Үстімізге құлап кете ме қазіргі үйімізден қорқамыз деп. Қызым мүгедек.

Соңғы екі жылда көктемде еріген қар суы шаһардағы 70-тен астам үйге кіріп, тұрғындарды әлекке салған болатын. Бүгінде соның салдарынан 53 баспана апатты деп танылды. Өзен-көлі жоқ шаһарды дала суы мазалайды. Сондықтан биыл арықтарды тазартуға үлкен көңіл бөлінуде.

Ардақ Смайылов, Бұланды ауданының әкімі:

Қазір соңғы сессияда 96 млн теңге бөлінді, соның 31 миллионы арықтарды тазалауға, дамбыларды көтеруге бағытталды. Біздің аурухана жақтағы «котлован» аталып кеткен жерде екі үлкен қауіп бар, ол су жиналатын орын. Қазір сол аумақта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі 65 жобаның ішінде 15 жоба орындалды.

Қос үй салынған соң апатты деп танылған ескі жер үйлерді сыру жоспарланып отыр. Бұл алдағы уақытта шаһарда тағы көпқабатты үйлерді салуға мүмкіндік береді.

Бибінұр Әмірханқызы


Хабарламаларға жазылу