Елімізде жылына шамамен 380 мың әйел босанады. Соның былтыр 22 пайызы, биыл 23 пайызы кесір тілігі арқылы баласын дүниеге әкелген. Көрсеткіш неге артып отыр? Мұның салдары қандай? Операция үстеліне жатпас үшін аналар нені ескеруі керек? Мамандармен тілдескен әріптесіміз айтсын.
Шымкенттік жас ана күні кеше екінші мәрте кесір тілігі арқылы екінші сәбиін қолына алды. «Табиғи жолмен босануға барынша тырыстым, бірақ денсаулығым жарамады», - дейді ол.
Мадина Шәмші, жас ана:
Бірінші баламда ауруханаға толғақпен бардым. Бірақ сол жерде білдім жамбаспен келіп қалғанын. Содан кейін бірден ота жасауға келістік. Араға 3 жыл салып, өзім босанамын деп ниет еткен болатынмын. Бірақ сол температура болғаннан кейін дәрігерлер балаға да, өзіңе де өте қауіпті деп айтты, Содан кейін келісуге тура келді.
Жылына шамамен 380 мың әйел босанады, оның 75 мыңға жуығы дәл осы кесір тілігі арқылы сәбилі болады екен. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш тіпті артқан. «Оның бірнеше себебі бар», - дейді мамандар.
Шакизат Халықова, ҚР ДСМ аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы:
Егер бізде 2024 жылы көрсеткішіміз 22% болса, биылғы жылы операциялық жолмен босану – 23%-ды көрсетіп отыр. Яғни артқаны байқалып отыр. Онымен қатар коронавирустық инфекция болған кезде, операциялық жолмен босандырылған әйелдер саны жоғары болған. Міне, сол әйелдер бізде қайтадан қазір екінші, үшінші баласын босануға келіп жатыр. Әрине, жатырдағы 2 және 3 тыртығы болғандықтан бірден бір көрсеткіш – операциялық жолмен босандыру.
Бірақ дәрігерлердің айтуынша, бірінші босану кесір тілігі арқылы болғанымен, жүктілікті дұрыс жоспарласа, одан кейінгі сәбилерін табиғи жолмен дүниеге әкелуге рұқсат. Әйелге 4-5 рет кесір тілігі арқылы босану – қауіпті. Яғни 3 рет ота жасалса, одан кейін жіті тексерістен өтіп қана, жоспарлау қажет.
Ләйлә Натбаева, №2 облыстық перинаталдық орталығы басшысының орынбасары:
Кесір тілігінің көбеюінің себебі – қыз-келіншектердің денсаулық жағдайының төмендеуіне байланысты. Бұрын 40 жастан жоғары жаста кездесетін аурулар қазір жасарып отыр. Ол онкологиялық аурулар, жүрек аурулары, бүйрек, бауыр және басқа да аурулар. Оларды емдеп, созылмалы ауруларды ремиссия жағдайына түсіріп, содан кейін ғана жүктілікті жоспарлаған дұрыс.
Денсаулығы жақсы болса да толғақтан қорқып, мені «операция арқылы босандырып алыңыз» дейтін аналар да кездеседі екен. Бірақ елімізде нақты бекітілген хаттама бар. Соған сай операция жоспарлы не шұғыл түрде жасалады. Кей мемлекеттердегідей әйелдің талап-тілегімен кесір тілігін жасау қарастырылмаған.
Гүлнұр Нұрғалиева, UMC «Ана мен бала орталығының» акушер-гинеколог дәрігері:
Көбінесе ірі ұрық болған кезде баланың басы түспей қалады. Біздің тамақтану салтымыз, көбінесе фаст-фуд дейді ғой, сондай тамақтарға жүкті кезде құмар болып келеді. Бірақ тек соған байланысты емес, біреулерде генетикалық яғни тұқымында әкесі ірі болуы мүмкін.
Иә, мамандар аналардың салауатты өмір сүру салты дұрыс емес деп дабыл қағып жүр. Таза ауада серуендеу, спортпен шұғылдану және ең бастысы дұрыс тамақтану – аса маңызды. Осы талаптар орындалмағандықтан алып сәбилер қатары көбейген. Бұл ананың өз күшімен босануына кедергі. Сондай-ақ жүкті әйелдің психологиялық дайындығы да үлкен рөл ойнайды.
Ақниет Балтанова
