Ақмола облысында қыстық бидайды ору науқаны басталды. Жылына екі рет егін егуді әзірге тек көршілес қос ауданның шаруалары ғана қолға алған. Егістік алқабы 700 гектарды құрайды. Қыс жылы, ал көктем жауын-шашынды болғандықтан, бидай көп жерде бітік шыққан.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
«Жеріңді баптай білсең – астықты қаптай білесің» демекші, қыстық бидай еккен ақмолалық диқандар егін ору науқанын күзде емес, шіліңгір шілдеде бастап отыр. Солтүстік өңір үшін қыстық бидай егу таңсық емес. Шаруалардың айтуынша, қазір бидай толық пісіп жетілген. Диқандар гектарына шамамен 25 центнер өнім аламыз деген үмітте.
Зеренділік шаруа Ербол Жауаров осымен үшінші жыл қатарынан қыстық бидай егіп, сапалы өнімді тиімді бағамен сатуға мүмкіндік алып отырмын, - дейді. Шаруашылықтың иелігінде 8 мың гектар алқап бар. Биыл оның 359 гектарына ерте пісетін бидай еккен. Алдағы жылдары қыстық бидайдың егістік ауқымын екі есеге арттырып, бір мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Ербол Жауаров, шаруа:
Оларда өнімділік 30 центнер шамасында, сапасы жақсы. Өнім сапасы мен көлемі уақытқа байланысты ғой. Қысқы бидай ең жоғары өнім береді. Негізі олар көктемде ылғалды жақсы алады және жақсы өседі.
Қазір егіс алқабында жұмыс қызу жүріп жатыр. Астықты оруға әзірге 5 комбайншы кіріскен. Олардың бірі Жангелді Жұмалин. Шаруашылықта осымен 5-жыл еңбек етіп отырған ол, егіс барысында барлық технологияны қатаң сақтауға тырысқандарын айтады. Сондықтан мол өнім алудан үмітті.
Жангелді Жұмалин, комбайншы:
Қысы-жазы жұмыс істейміз. Қыста қар тоқтатамыз, жазда егін шаруашылығымен айналысамыз. Былтыр қыркүйекте «Умка» деп аталатын қысқы бидай түрін еккенбіз. 24-і күні орып алуға кірістік. Бір-екі, үш күнде, осы апта соңына дейін аяқтаймыз.
Қыстық дақылдардың ауыл шаруашылығында маңызы зор. Олар көктемде егін егуде және күзгі орақ кезінде жұмыстың қауырттығын азайтады. Одан қалды қыстық дақылдар топырақтың ылғалын молырақ пайдаланады. Сондықтан көп өнім береді, - дейді шаруалар.
Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасары:
Қысқы бидай егуді шаруаларымыз біртіндеп қолға ала бастады. Биыл екі аудан шамамен 700 гектар жерге қысқы бидай еккен. Клейковинасы - 28%, натурасы - 780. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймыз
Облыс бойынша негізгі орақ науқаны тамыздың 25-інен кейін басталады. Биыл жаздық егіс көлемі 5 млн 200 гектарға жетті. Оның 495 мың гектарын майлы дақылдар құрайды.
Бибінұр Әмірханұызы
