Универсиада жаңалықтарын жалғастырамыз. Таеквондодан командалық жарыста Қазақстан әйелдер құрамасы жартылай финалға жолдама алды. 1/8 финалда жарыс қожайындары – Германия құрамасын жеңсе, ширек финалда АҚШ спортшыларынан басым түсті. Енді отандастарымыз финалдың жолдамасына қол жеткізу үшін Корея құрамасын жеңуі тиіс. Ал, ерлер командасы болса бірінші кезеңде Оңтүстік Корея құрамасына жол берді. Аралас командалық сында спортшыларымыз Қытай Тайпэйін, кейін Польша құрамасын жеңді. Енді жартылай финалда Мысыр таеквондошылармен күш сынасады.
Екі дзюдошы қола медаль үшін күреседі.
Дзюдодан да белдесулер басталды. Әйелдерден 52 келідегі Құндыз Жылқыбай мен Дина Мұханбет алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Ал 48 келідегі Диана Бүркеева ширек финалда жапон қызынан жеңіліп қалды. Жұбаныш белдесуінде неміс қызына жол берді. Ерлерден 60 келідегі Аман Бақытжан да жартылай финалдың жолдамасы үшін болған күресте испан балуанынан жеңілді. Дегенмен, жұбаныш белдесуінде өзбекстандық дзюдошыны жеңді. Ал, 66 келідегі Нұрқанат Серікбаев финалдың жолдамасы үшін болған күресте жеке бейтарап спортшыдан жеңілді. Енді ол да қола жүлде үшін күреседі.
Асылбек Данияр
