Германиядан сүйінші хабар. Ел қоржынына Универсиада ойындарының алғашқы алтыны түсті. Оны 63 келі салмақта сынға түскен таеквондошы Самирхон Абабакиров жеңіп алды. Ол іріктеу сайыстарында алдымен израильдік қарсыласын айқын басымдықпен жеңсе, артынша Сауд Арабиясының өкілінен, одан кейін канадалықтан да мықты екен дәлелдеді. Ал жартылай финалда өте азулы қарсылас, Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері тунис спортшысын қапы қалдырды. Финалда Түриялық таеквондошымен жекпе-жекке шықты. Бірінші кезеңде қарсылас басым болып тұрған сәтте, жеңісті жұлып әкетті. Үзілістен кейін де айқын басымдыққа ие болып, чемпион атанды.
Самирхон Абабакиров, таэквондодан универсиада чемпионы:
Тактика дегенде өзіміздің істеп жүрген әдістеріміздің бәрін қолдандық. Жақсы жағынан, көргендеріңіздей бәрі ойдағыдай болды. Басқа спорт түріндегі спортшыларға да сәттілік тілеймін. Қазақстан туын желбірете берсін.
Осылайша, таэквондодан жекелей сайыс аяқталды. Спортшыларымыз 1 алтын, 5 қола медаль жеңіп алды. Айта кетейік, Универсиада чемпионы Самирхонның жеке бапкері Нұрсұлтан Мамаев осыдан тура 10 жыл бұрын таэквондодан тұңғыш Универсиада жеңімпазы атанған.
Нұрсұлтан Мамаев, С.Абабакировтың жеке бапкері:
Осы үш күннен бері қола жүлдегер болып жатқан еді. Бүгін қателесуге мүмкіншілік болмады финалға шыққаннан кейін.
Асылбек Данияр
