Сирияның Сувейда қаласында друздар мен бәдауилер ымыраға келді. Ел үкіметі қала тұрғындарының құқығын қорғауға уәде берді. Мұнда дінаралық қақтығыс жексенбіде басталған еді. Друздарды қорғамақ болған Израиль Сирияға зымыранмен шабуыл жасаған.
Израиль армиясы сәрсенбіде Сирияға соққы берді. Дамаскідегі қорғаныс министрлігінің ғимаратының кіреберісіне, президент сарайы маңындағы нысандарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын бомбалады. Syria TV телеарнасында тікелей эфир кезінде Қарулы күштер бас штабы ғимаратына зымыран түсіп, жарылыс болған сәті көрініп қалды. Қатты жарылыстан үрейі ұшқан журналист орнынан тұрып кеткені әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
Израиль билігі бұл әрекетін Сувейда қаласындағы друз халқын үкімет әскерінен қорғау мақсатында жасалды деп мәлімдеді. Израиль Дамаскіге және Сувейда жолдарындағы әскери бөлімшелерге шабуыл жасаған. Бұдан кейін Сирия билігі қалада бітім жариялады. Бірақ оның қашанға дейін сақталары әзірге белгісіз.
Ахлам Әл-Омар, Дамаск тұрғыны:
Израиль бізді ешқашан бомбаламайды, біздің жеріміздің бір бөлігін тартып алмайды деп үміттенеміз. Бізге бірлесіп, келісімге келуіміз керек.
Сувейда қаласында друздар мен бәдауилер арасында дінаралық қақтығыс жексенбі күні басталды. Содан бері 350 адам қаза тапқан. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қантөгістің басталуына друздар мен бәдауилердің бір-біріне шабуыл жасап, адамдарды ұрлау фактілері себепші. Қарулы жанжалды тоқтату үшін үкімет әскері қалаға кірді. Бұдан кейін өз аумағында друздар көп тұратын Израиль Сирияға оқ жаудырға бастаған. Соңғы мәліметке қарағанда, друздар мен сүннит бәдауи жасақтары қайта ымыраға келді. Сирияның қауіпсіздік күштері тұрақсыздық жайлаған шаһардан қайта шығарылған.
Ахмед Әш-Шара, Сирияның уақытша президенті:
Құрметті сириялықтар, жаңа сынаққа тап болып отыр. Еліміздің бірлігін, халқымыздың абыройын қорғауға бағытталған шайқастың қақ ортасында өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғы режим құлағаннан бері тұрақтылығымызды нысанаға алып, арамызда алауыздық тудырған Израиль қасиетті жерімізді қайтадан бей-берекетсіздіктің аренасына айналдырғысы келеді. Осы орайда друздарға үндеу жолдап, олардың құқығы мен бостандығын қорғау – басым бағытта екенін жеткізгім келеді.
Сирия үкіметі друздар мен бәдауилер арасында қақтығысқа жол берілмейтінін, оқиға жіті тергелетінін және кінәлілер жазалананатын мәлімдеді. Сонымен бірге Сувейда тұрғындарының құқығын әркез қорғауға уәде берді.
Арай Төлегенқызы
