Қазақстандағы электронды коммерцияның үлесі 14 пайыздан асты. Бұл - рекорд. Мысалы, былтыр бұл көрсеткіш 12 пайыздан сәл жоғары болған. Қазақстандықтар әсіресе маркетплейстерден сауда жасағанды жақсы меңгеріпті. Себебі мұндай платформаларда 2,7 триллион теңгеге тауар сатылған.
Бұрын сауда десе, көз алдымызға дүкенші, дүкен, базар елестейтін. Қазір сауда жасаудың тәсілі көп.
Жәудір Тәжібаева, сатушы:
Тиктоктан да, инстаграмнан да жүргізіп, жан-жақты сауда жасап жатыр. Интернетті қолданатындардың көпшілігі жастар ғой. Сол жастарға тиімді сияқты уақыт жағынан. Ал үлкен кісілерге кәдімгі аралап, көзбен көріп, қолмен ұстап алған жақсы.
Дәурен Аутәліпов, «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің сарапшысы:
Электрондық сауданы дәстүрлі сауда форматынан бөліп қарастыруға келмейді. Өйткені қазір көптеген кәсіпкер, оның ішінде шағын кәсіпкерлер өздерінің бизнесін екі форматта онлайн және оффлайн дамытады.
Қазақстанда интернет арқылы сауда жасау бұрынғыдан да көбейген. 2024 жылы электронды сауданың жалпы бөлшек саудадағы үлесі 14,1% болды. Мысалы, 2022 жылы бұл көрсеткіш 12,5%, 2023 жылы 12,7% болған. Онлайн сауданың өсуіне ең көп әсер етіп отырған – маркетплейстер. 2024 жылы қазақстандықтар осы платформалардан 2,7 триллион теңгеге тауар сатып алған.
Мұхтар Есболғанов, Сауда орталықтары қауымдастығының мүшесі:
Жыл сайын 10-15 пайыз дәстүрлі сауда электрондық коммерцияға ауысып жатыр. Дәстүрлі сауда жүргізген саудагерлер аренда төлейді, кедендік, жай салықтарды төлейді. Сондай көп шығын шығарады.
Электронды сауданың дамығаны керек-ақ. Бірақ Мұхтар Есболғановтың сөзінше, алақанды ысқылауға әлі ерте. Себебі елдегі базарлардың өзі әлі модернизациялау деп жанталасып жатыр. Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын амал керек.
Мұхтар Есболғанов, Сауда орталықтары қауымдастығының мүшесі:
Дәстүрлі сауда орындарында 600 мың Қазақстан азаматы жұмыс істеп жүр. Отбасыларымен қосқан кезде 2 миллион адам сауда орталықтарға, базарға қарап күн көріп жүр. Мемлекет электронды саудамен дәстүрлі сауданың бір жағын бақылауға алып, бір жағын көмекке алып қарастырып отыру керек.
Әрі біздегі дәстүрлі саудагерлер де тауарын желіде сатып үйрене бергені қажет дейді сарапшы маман. Расында қолымыздағы смартфонды тек сөйлесу құралы ғана қылып жүрген жоқпыз ба...
Елдос Есенбол
