Түркістан облысының Шардара ауданында шаруалар ағын суға зәру. Қызылқұм каналынан су алатын төрт елдімекеннің халқы мақта мен бақша өнімдері қурап қалатын болды деп налиды. Құзырлы министрлік өкілдері мәселені шешу үшін Өзбекстан тарапымен келісімге келмек.
Ақ алтын елді мекенінде тұратын шаруа Талғат Сүлейменов биыл 100 гектар жеріне мақта еккен. Алайда ағын судың тапшылығынан мақта өспей қалған. Шетінен қурай бастапты. Егістікке 40 млн теңге шығын шығарған шаруа 1 млн 800 мың теңгені тек ағын суға төлегенін айтады. Енді шілде суын берер тұста каналға су бермеген.
Талғат Сүлейменов, шаруа:
Дәл қазір су берсе деген үміт бар. 10 центнерден алсақ та, арғы жағындағы шығынымызды жабамыз. Бір аптада су келмесе қурайды. Шығынымызды қалай жабамыз?
Қызылқұм каналынан суарылатын мақталықтың көбі жаз шыққалы бір рет те суарылмады дейді шаруалар. Салдарынан алқаптағы егіннің кенезесі кеуіп, қауын қарбыз шықпай қалған. Ал микроқаржы ұйымдарынан миллиондап несие алғандар енді қарызды қайтару қиынға соғады дейді.
Еркебұлан Төкеев, шаруа:
Он күн бұрын су алу керек еді. Он күн бұрын мына қауын да, мақта да шанақ тастап қойды уже. Біз 5 центнер қауыннан айырылдық. Ал егер бұл су болмайтын жағдай болса, біз қарыздан құтыла алмаймыз. Үйі, жері кепілде тұр.
Ал «Қазсушар» мекемесінің басшылығы биыл су қат екенін айтады. Өзбекстаннан келетін судың көлемі де жылдағыдан азайып кеткен. Сондықтан тіршілік нәрін барлық елді мекенге кезекпен береміз дейді.
Абай Мүтәлиев, «Қазсушар» РМК шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы:
Қызылқұм каналының басынан 70 куб су босатып жатырмыз. 43 мың гектар жер бар. 6 мың гектар күріш бар. Күріштің барлығын жауып, қазір суды осы жаққа кішкене кішкене алып келе жатырмын. Бірақ көп емес. Енді бір-екі күнде шешіледі деген мәселе, кезекпен әкелеміз.
Ал аудан басшыларының сөзінше, шекарадан жіберілетін судың көлемін көбейту үшін Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров бүгін Өзбекстанда келіссөздер жүргізген.
Жұмасұлтан Бердешов, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:
Шардара су қоймасында 1,5 млрд текше метр су қалды. Енді су тапшы. Бірақ енді сіздердің барлық жағдайларыңызды түсініп тұрмыз. Біз қазір тиісті министрлікке де арнайы хат жолдап қойдық. Құдай қаласа бүгін кешке, ертең нақты шешіледі. Су келеді, беріледі. Бүгін, ертең сабырлық қылыңыздар, нақты шешілетін болады.
Қызылқұм каналынан егінін суаратын Арыс қаласындағы бірнеше елді мекен тұрғындары да өзекті мәселенің шешілгенін күтіп отыр. Себебі ағын судың жоқтығынан мұндағы диқандардың да тірлігі тұралаған.
Айнұр Әбілқасымқызы
