Бөгенбай батырдың 345 жылдығы тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бөгенбай батырдың 345 жылдығы тойланды

07.07.2025

Биыл Бөгенбай батырдың 345 жылдығы. Абылай ханның тұсындағы батыр, атақты қолбасшы шешендігімен, әскери тактикасымен және ерлігімен ел есінде қалған. Атаулы күнді батырдың жерлестері дүркіретіп атап өтті.

Астанадан 150 шақырым жерде үлкен той өтті. Ереймен елі 2 күн бойы Қанжығалы Бөгенбай батырдың 345 жылдығын атап өтті. «Орта жүздің боз арғымағы» атанған Саққұлақ бидің 225, дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидің 135 жылдықтары да тойланды. 25 шақты киіз үй тігілді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Киіз үйлер тігілген бойда, қазанда ет асылып, бауырсақтың иісі шығады. Халықтың ықыласы да ерекше.

Мерекелік концерттен басталған жиын ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Басқосудың маңызы жайлы айтылды.

Сайлау Байбосын, жазушы:

Тарихы жоқ ел төлқұжаты жоқ адам секілді. Енді робот заманы келе жатыр. Өзімізден кейінгі ұрпаққа біздің жерімізден, елімізден осындай ұлы тұлғалар өткен деп, бұл шараларды солардың саналарына жетсін деп істеп жатырмыз. Бұл қаражаттың көптігінен жасалып жатқан жоқ, бұл - өлке тарихын тірілту.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Күн бұлттанып, екі рет жаңбыр жауып өтсе де, бүгінгі думанға еш кедергі жоқ. Білекті палуандар күресіп, шабандоздар көкпар тартты, аламан бәйгеге қатысты. Енді сайыста үздік атанғандар марапатталады. Айтпақшы, мына жүлделер де соларға арналған.

Алтынбек Жолтай, Балуан, 42 кг салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз:

Мотоциклім жоқ еді. Мотоцикл ұтып мәз болдым. Керемет екен. Төрт айналым болды. Бәрі де қиын болды. Финалда бала кезден дос болып өскен, бауырыммен шықтым. Соны жеңіп, қуанышты болды бәрі.

Жиынға жұрт Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген. Бәрінің мақсаты бір – тау тұлғаларды ұлықтау, ерліктерін өскелең ұрпаққа жеткізу, ел тарихын есте сақтау.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу