Қазақ радиосынан «Бөгенбай батыр» жырын тыңдаңыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ радиосынан «Бөгенбай батыр» жырын тыңдаңыз

25.04.2015
Қазақ радиосынан «Бөгенбай батыр» жырын тыңдаңыз

Халық ауыз әдебиетінің ең бай, ең көне жанрларының бірі – Батырлар жыры. Жырда тұтас бір дәуірді жан-жақты қамти отырып, сол кездегі ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен халықтың өмірі, арман-тілегі, батырлардың жауға қарсы ерлік күресі баяндалады.

Көне ғасырлар қойнауынан бастау алып, бүгінге дейін үзілмей жеткен батырлық эпостар халқымыздың талай буынын ерлік пен елдік рухында тәрбиелеуде.

Қазақтың қаһармандық жырларының бірі – «Бөгенбай батыр». Бұл эпоста XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік кезеңде Абылай хан сарбаздарын басқарған, дарынды қолбасшы Қанжығалы Бөгенбай батырдың ерлік жорықтары баяндалады.

Бұл жырдың жинаушылары бүгінге дейін белгісіз. Ал, жыршысы - Шерияздан Сұлтанбайұлы.

Батырлық эпостардың мәтіні Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасының сирек қорында сақталған қолжазба бойынша түпнұсқадан әзірленген.

«Батырлар жыры» хабарының өткен санында бұл жырды Эльмира Жаңабергенова, Мақпал Тоқтағанова, Серік Жақсығұлов орындаған болатын.

Айта кетейік, радиожобаның авторы – Ақан Әбдуәлі. Жауапты редакторы – Оңғар Құралов.

Бүгін сағат 23:00-де Қазақ радиосынан «Бөгенбай батыр» жырының 2-ші бөлімін тыңдаңыздар. 

Хабарламаларға жазылу