Елорда қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ЖИ көмектеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ЖИ көмектеседі

07.07.2025

Астанада ауыр және аса ауыр қылмыстар 20–25 пайызға азайған. Бұған көп жерде орнатылған жасанды интеллект негізінде жұмыс істеп тұрған бейнебақылау камералары сеп болған. Қауіпсіздік саласында өзге де қолданылып жатқан цифрлық шешімдер туралы Темірлан Нұржанұлы айтсын.

Астанада 34 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бар. Олардың 60 пайызы жол қозғалысындағы құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтап, тіркейді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Қаладағы жасанды интеллектпен жабдықталған камералар адамның түрін танып, жасы мен жынысын анықтайды. Таққан бетпердесі мен көзілдірігін көреді. Қару жарақтың бар-жоғын біліп тіпті, түтінді де байқайды. Яғни, тез талдап, сараптайды.

Бақберген Қалтай, ҚР ІІМ Астана қ. Полиция департаменті ақпараттандыру және байланыс басқармасының аға инспекторы:

Бұл камералар көшелерде, аулаларда, сауда орталықтарында, көңіл көтеру орындарында орнатылған. Бұл технологиялар құқықбұзушылықтың алдын алуға, жедел түрде полицияға әрекет етуге үлкен көмегін тигізеді.

Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, қауіпсіздікті арттыру мақсатында цифрлық жүйелер енгізілген аумақтарда биыл ұрлық, бұзақылық, тонау секілді қылмыстар 30–40 пайызға төмендеген. Ауыр және аса ауыр қылмыстар 20–25 пайызға, қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар 30% дейін азайған.

Сондай-ақ патрульдік полиция смарт-жетондар мен ақылды көзілдікріктер қолданады. Құрылғылар іздеудегі азаматтар мен көліктерді автоматты түрде таниды. Ал мәліметтерді әп-сәтте жедел басқару орталықтарына жібереді.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Мұндай шешімдерді әлемдегі көптеген мегаполистер белсенді қолданады. Лондон, Чикаго және Сингапур қалалары жасанды зейін негізіндегі бейнебақылау жүйелерін арқылы қауіпсіздік деңгейін арттырып отыр. Елорданың бұл бағыттағы қадамы да – жаһандық үрдістің бірі.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу