Бұрынғы вице-министрлер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұрынғы вице-министрлер ұсталды

06.07.2025

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» деген мекеме бар, соның басшысы Ақмәди Сарбасов ұсталды. 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу кезінде. Ол биыл сәуір айында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары лауазымынан босатылған.

2019 жылдан орынбасар, 2020 жылдан бірінші орынбасар болған. Сосын министрлікке қарасты жаңағы орталықтың басшысы болып тағайындалған. Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі пара алу және беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Сарбасовпен бірге «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС-ң бас директоры Рахым Омаров ұсталды. Ол жеке мүдделерін ілгерілету үшін «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» басшыларына жүйелі түрде пара беріп жүрген.

Ұсталған тағы бір адам бар: Дәулет Арғандықов. Ол «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы»–ң бұрынғы басшысы. Ол да вице-министр болған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму деп аталған министрлікте.

Ал күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту барысында 370 мың АҚШ доллары, 4,5 млн теңге тәркіленген. Ұсталғандар 2 айға қамалды.

Айтпақшы, осы аптада 2013-2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі болған Кәрім Көкірекбаев 12 жылға сотталды. Ал орынбасары болған Әділет Ақатаев пен мердігер кәсіпкер Андрей Поплавскийдің әрқайсысына 11 жыл түрме жазасы кесілді.

Іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен өткен. Көкірекбаев 2019 жылы «Қазселденқорғау» компаниясының төрағасы болып тағайындалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 2022 жылдың соңында 369 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұстаған.

Көкірекбаев пен орынбасары Қорғас өзенінің арнасын жөндеп, қорғаныс нысандарын салу, Ақсай өзенінің жағалауын бекітіп, бөгеттер тұрғызу бойынша жұмыстар істелді деп актілерге қол қою үшін ірі және аса ірі көлемде пара алған деген айыптар тағылған.

Былтыр алқа билердің қатысуымен өткен сот Кәрім Көкірекбаевты қылмыстық істегі барлық айыптаулар бойынша ақтаған. Бірақ сотта заң талаптары бұзылған деп бұл үкім жойылды. Сөйтіп іс қайта жүргізілді. Бұл жолы үшеуі де сотталды.

Сонымен бірге осы аптада кезіндегі Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросын басқарған Талғат Татубаев деген ұсталғанын Бас прокуратура растады. Оған қатысты «азаптау» бабы бойынша іс қозғалған. Бұл адамның еңбек жолын қарасаңыз саяси тапсырыс, экономикалық қылмыстарға байланысты историялар қалқып шығады...

Жайна Сламбек

Хабарламаларға жазылу