БҚО-да қараусыз мал мен киіктен жол апаты жиіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да қараусыз мал мен киіктен жол апаты жиіледі

04.07.2025

Батыс Қазақстан облысында қараусыз жүрген малдың кесірінен жол апаты тыйылмай тұр. Былтыр 166 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қазір киіктен де қауіп күшейді. Жолға шыққанда қалай сақтанған жөн? 

Қараусыз мал көліктің жолын кес-кестейді. Жылқы, сиыр, тіпті түйе де жол бойында жайылуға құмар. Мұның себебін бақташы Миржан Тұяқов жиектегі шүйгін шөп пен жаңбыр суынан деп біледі. Маңдайын күн қақтаған азамат ауылдың жеке малын бағады.

Миржан Тұяқов, бақташы:

Таңғы 5 жарымда шығамыз. 6-да сол ауылдың шетіне жиналады. Сосын далаға айдаймыз. Шөлдеген мал су іздейді. Жолдың жанында жаңбыр-қар жауғанда су болады. Соны іздеп шығады. Сол уақытта апат боп жатыр ғой. Қожалықтың малы ғой көбіне. Олар да бағады. Дегенмен жолға мал шығып кетеді.

Казталов ауданының тұрғындары малмен қоса, жолға шыққан киік те қауіп дейді. Жөңкілген жануар көліктен де, адамнан да үрікпейді. Жол апатына жиі ұшырайды.

Сатыбалды Бәйденов, Бостандық ауылының тұрғыны:

Бірінші кезекте киік жолдың үстіне шығып кетеді. Қаншасы техникаға соғылып жатыр. Киік біздің жақта қаптап жүр. Соған бір шара қолданса. Шопырларға қиын болып тұр.

Ал Азамат Ғаббасовтың қожалығы республикалық жолдың бойында. Түнде малын қамамайды. Күйі кетпесін деп, бос қояды. Бақташы болса да, бағусыз қалып, айыппұл арқалаған кездері көп.

Азамат Ғаббасов, шаруа қожалығының басшысы:

Шамамыз келгенше жолға шығармауға мүдделіміз. Бірақ малдың аты мал. Жолдың жаны көк шөп. Қазір жайылыстың өзі берекетсіз. Қуаңшылық әрі жаңбыр жоқ. Айыппұлдар салынып жатады. Бақташыға айтамыз. Ол да адам баласы. Демалғысы келеді.

Осылайша жыл басынан бері төрт түлігіне ие бола алмаған 2 мыңға жуық адамға айыппұл салынып, 11 млн теңге өндіріп алынған. Өткен алты айда қараусыз малдың кесірінен 39 жол апаты болған. Әсіресе Казталов, Ақжайық, Бөрлі, Сырым аудандарында оқыс оқиға жиі тіркеліп отыр.

Олжас Ибрайымов, облыстық Полиция департаменті, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

Өзіміз тұрған Орал-Атырау, Бөрлі-Жымпиты, Чапай-Казталов тасжолдарының бойында орын алуда. Өзінің малын қараусыз жіберетін болса, 11 796 мың теңге айыппұл қаралған. Егер алдыңыздан мал шығатын болса, сіз оны айналып өтуге немесе тоқтай алатындай жылдамдықпен жүруіңіз қажет.

Өңірдегі күре жолдарға макеттер мен арнайы ескерту белгілері орнатылған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл апаттың алдын алуға ықпал еткен. Оған қоса ауыл-аймақта 125 мал айыптұрағы ашылған. Оған 4 мыңға жуық бос жүрген мал қамалып, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу