Үлескерлердің үй алу тәртібі өзгерді: Жаңа ережеде қандай талаптар бар? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үлескерлердің үй алу тәртібі өзгерді: Жаңа ережеде қандай талаптар бар?

03.07.2025

Жаңа ережеде қандай талаптар бар? Құрылыс компанияларына тықыр таянғаны рас па?  

Ақтау қаласының тұрғыны Мансұр Ауданбаев 4 жыл бұрын 9 млн теңгеге жуық қаражатын іргетасы енді қалана бастаған тұрғын үйге салған. 6 баласымен пәтер жалдап жүрген ол 2 бөлмелі баспанадан үмітті еді. Бірақ өзі сынды 300-ден аса үлескер бүгінде далада қалып отыр. «Барлық құзырлы мекемеге шағымдандық», -  дейді.

Мансұр Ауданбаев, қала тұрғыны:

«Мұрагер» ТҮК-нін айта кетсем, 2,5 млрд халықтан ақша жинаған. 2,5 мрлд-тың 700 млн-ын осы құрылысқа жаратқан. Оны аудит дәлелдеп берді. Тек мен емес үйсіз жүрген. Біздегі 310 салымшының бәрі осыған үміттеніп отыр.

Дәл Мансұрдай ел бойынша 4 мыңға жуық салымшы алданған. Мониторинг нәтижесінде соңғы 5 айда 44 проблемалық нысан тіркелді. Сондықтан заңға өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар 2 айдан соң күшіне енеді.

Енді бұрынғыша жаңадан салынатын кез келген тұрғын үйге үлескер бола алмайсыз. Іргетасы қаланғанның өзінде үлестік құрылысқа рұқсаты болуы тиіс. Қолма-қол ақша қабылданбайды. Қаражат тек банк арқылы аударылады. Себебі банк төлем қабылдамас бұрын заңды құрылыс компаниялар тізімін тексереді. Құрылыс материалдары қымбаттаған жайғдайда компаниялар тиісті құжаттармен дәлелдеуге міндетті. Заң бұзғандарға айыппұл көлемі 300-ден - 2000 АЕК-ке дейін артты. Сондай-ақ аз қабатты тұрғын үйлер де осы талаптармен реттеледі.

Айнұр Айдарова, ҚР ӨҚМ Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу басқармасының бас сарапшысы:

Жалпы, заңда қатаңдату шараларымен қатар, ынталандыру шаралары да көзделген. Үлескерлердің ақшасын тұрғын үйлердің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін тартатын болса, құрылыс салушылар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында соңғы 5 жылда 60 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беруге тиіс болатын. Қазіргі заң аясында ол норма 60 мыңнан 30 мыңға дейін қысқарып жатыр.

Тіпті құрылысы бітпеген тұрғын үйлерге жарнама жасауға да тыйым салынды. Осылайша үлескерлердің құқығы толығымен қорғалмақ. Бірақ саладағы компаниялар қатаң талаптарға төтеп бере алмай, жойылып кетпей ме?

Виктор Микрюков, Құрылысшылар қауымдастығының президенті:

Бұған дейін құрылыс компанияларының 30%-ы толығымен заңға сәйкес жұмыс істеді. Бірақ 70 пайызы заң ережелерін дұрыс сақтамады. Сондықтан осындай қатаңдату қажет болды. Бірақ жаңа талаптар салдарынан компаниялар еш зиян шекпейді. Керісінше оларға біраз жеңілдік те қарастырылған. Мәселен, бұрын үлестік құрылысқа 5 жыл тәжірибесі бар мекемелер ғана қатыса алатын. Ал қазір ол 3 жылға қысқарды.

Сондай-ақ үлескерлерді қорғау орталығы да құрылмақ. Онда қай компания заңды, қайсысы тиісті құжатсыз жұмыс істеп жатқанын анықтай аласыз.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу