Қостанай қаласының тұрғыны күн көзінен тоқ өндіріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай қаласының тұрғыны күн көзінен тоқ өндіріп отыр

02.07.2025

Қостанай қаласының тұрғыны күн көзінен энергия өндіріп, оны саудалап ақша тауып отыр. Бұл - өңірдегі алғашқы нетто тұтынушы. Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибе кеңінен белең алса, қоршаған ортаға орасан пайда әрі тоқты үнемдеп, артылған қуат көзін шетелге сатуға болады.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Қостанайлық тұрғын салып жатқан үйінің шатырына осылай 9 күн панелін орнатып қойған. Табиғи қуат көзін тұрмысының қажеттілігіне пайдаланып, қалғанын мына сымдар арқылы қаланың электр желісіне өткізеді, сатады. Мұндай азаматтарды нетто тұтынушылар деп атайды.

Вадим Заболотько қысы ұзақ солтүстік өңірде де күннен электр қуатын алуға болатынын айтады. Мысалы,  ол осы айда сағатына 690 кВт өндірген. Бұл бір үйді толық энергия көзімен қамтамасыз етуге жетеді. Ал қалаға өткізген артық энергиядан шамамен 30 мың теңгеге жуық пайда түседі.

Вадим Заболотько, қала тұрғыны:

12 жыл бұрын өзім үшін осындай панельдің біреуін пәтеріме орнатып көрген едім. Ал жер үйге тіптен керек нәрсе, үнемді, электр энергиясына тәуелділікті азайтады, экологияға зияны жоқ, әрі қалаға да пайдам тиеді. Батареялар толық жұмыс істеген уақытта артық қалған қуат көзі екі үйге жетіп қалады.

Оның бұл ойын жұбайы Александра да қолдай кетті. Олардың бұл қадамы ақшаны үнемдеп қана қоймай, қоршаған ортаға орасан пайдасын тигезді. Мысалы, бір айда өндірген 750кВт тоқ ЖЭО бөлетін көмірқышқыл газдың көлемін 2 тоннаға азайтып, 131 ағаш отырғызғанмен тең.

Александра Заболотько, қала тұрғыны:

Қосымша қуат көзі жарық өшіп қалған жағдайда тұрмысты да, жұмысты да тұралатпайды. Сонысымен ыңғайлы. Ең бастысы тоқты үнемді пайдаланғанымыз жөн. Келешек ұрпақты ойлауымыз керек.

Әзірге облыста кәсіпорындарды қоспағанда жеке тұлғалардан жалғыз нетто тұтынушы ғана бар. Жергілікті басқарма мұндай тенденция кең тараса, электр желілеріне түсетін күшті айтарлықтай азайта алар едік дейді. Облыс жылына сағатына 4 млрд кВт тұтынса, соның 23 пайызын ғана өзі өндіреді. Яғни, тапшылық бар. Сондықтан қазір 3 қосалқы станцияның құрлысы қолға алынып, жел электр станциялары салынып жатыр.

Көптеген жоба салынып жатыр. «Киа» зауыты, басқа да зауыттар. Әрине осы зауыттардың тұтыну көлемі де ұлғайып жатыр, сол себепті барлық жел электр станциялары салынса, 10 есе тұтыну көлемінен электр өндіріледі. Облыстың барлық тұтыну көлемін жабады.

Соңғы жылдары өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай, Арқалық қалаларында қуаты 50 мВт болатын ЖЭС салынды. Биыл Бейімбет Майлин ауданында жалпы құны 43 млрд теңгеге күн және газ поршеньді электр станцияларын салынбақ.

Мәдина Нағашыбай


Хабарламаларға жазылу