Елімізде киік санын реттеу басталды. Бұл іспен «Охотзоопром» мекемесі айналысады. Батыс Қазақстан облысында 4 жұмыс бригадасы іске кірісті. Олардың құрамында 30 шақты адам бар. Қыркүйектің 1-іне дейін киіктің тек текелері атып алынады. Ал қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін киіктің ешкілері де «корал» әдісімен, яғни тормен ауланады. Былтырғы санақ бойынша өңірде 2,3 миллион киік бар. Соның 20 %-ын атып аулауға рұқсат етілді.
Мадияр Имашев, «Охотзоопром» РМҚК аңшылық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Батыс Қазақстандағы Орал және Орталық Қазақстандағы Бетпақдала популяцияларында киік санын реттеу жұмысы басталды. Орал популяциясында 460 мың бас киік, ал Бетпақдалада 290 мың бас киік алынады. Ішкі істер министрлігінен атып аулауға мамандандырылған бригадалар шығады.
Өңірде киік етін өндіруге 6 ет өңдеу кәсіпорны дайын отыр. Ең ірісі - Оралдағы Кублей зауыты. Қалғандары Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Бәйтерек аудандарында орналасқан. Киік еті нарыққа тұтастай және қалбырдағы өңделген өнім түрінде шығарылады. Ал Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінің жас ғалымдары киік етінен шұжық жасап көрді. Әзірге тәжірибе түрінде дайындалған өнімге 30% қаз-үйрек еті де қосылған. Шикізат оқу орнының тәлімбағынан алынған.
Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімінің орынбасары:
Басты мәселе - 2023 жылдың қателіктерін жібермеу, сапалы реттеу. Тек санның артынан қумай, сапасын қадағалау. Қазір келісіп отырмыз, ет өңдейтін кәсіпорындар өздері далаға барып сойып, өздері алып кететіндей етіп. Мүйіздері, мал дәрігерлік анықтамалары ет өңдейтін кәсіпорындардың ветеринар инспекторларына жүктеледі.
Ардақ Мұратқызы
