Азаматтардың жеке деректері Ұлттық банкке беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азаматтардың жеке деректері Ұлттық банкке беріледі

01.07.2025

Бүгіннен бастап екінші деңгейлі және шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның Даму банкі мен Қазпошта клиенттері туралы мәліметтерді Ұлттық банкке тапсырып отыруға міндеттелді. Жеке немесе заңды тұлға туралы ақпарат, шоттағы операциялар мен кіріс-шығыс туралы деректер Ұлттық банкке не үшін қажет? Азаматтардың жеке деректері тарап кетпесіне кім кепіл? 

Екінші деңгейлі және шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның Даму банкі және Қазпошта клиенттері туралы мәліметтерді Ұлттық банкке ұсынады. Бұған дейін бұл шара қаржылық операцияларды бақылау, күмәнді ақша айналымының алдын алу және банк жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында жасалып отырғандығы айтылған еді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Миллиондаған адамның жеке дерегі тарап кетпесіне кім кепіл? Халықты қан қақсатқан алаяқтардан келер қауіп бар ма? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға біз Ұлттық банктен ресми жауап ала алмадық. Бірақ экономист, қаржы сарапшысы алаңдауға негіз жоқ дейді.

Айбар Олжай, экономист, қаржы сарапшысы:

Ұлттық банк толық кепілдік бере алады. Біріншіден, алатын ақпараты шифрландырылған. Және Ұлттық банк біздің еліміздегі ең киберқауіпсіздігі жоғары мекеме. Олар жылдар бойы киберқауіпсіздікпен жұмыс істеп келе жатыр. Қазақстандықтардың деректері ресейлік сервистерден шығып кеткен. «Яндекс такси», «Яндекс еда» деп тапсырыс беретін. Негізі қазақстандықтардың барлығы осы сыртқы серверлерге тіркелген. Аты-жөні, телефоны, мекенжайы бар...

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Осы тұста қандай шоттар бақылауға ілігеді деген заңды сұрақ туындайды. Ендеше қысқаша түсіндіріп өтейік. Ағымдағы шоттар, мерзімді және жинақ салымдары, жеке кәсіпкерлердің шоттары, инвестициялық және шартты салымдар, сондай-ақ ұлттық немесе шетел валютасындағы шоттар, тіпті ішінде ақша болмаса да тексеріледі.

Мұндай тәріжибе шет мемлекеттерде кеңінен қолданылады екен.

Айбар Олжай, экономист, қаржы сарапшысы:

«Под FTE» деп аталады. Ақшаны алып, заңсыз айналым мен терроризм, қылмысты қаржыландыруға тосқауыл қою сынды бүкіл әлемнің бір протоколы бар. Ақшаның қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын тексеріп отырады. Әлемнің озық елдерінде біздің қазір істеп отырғанымыздан әлдеқайда мықты механизмдер қолданылады.

Деректер шот ашылғанда, клиент деректері өзгергенде немесе жаңа келісімшарт жасалғаннан кейін 10 күн ішінде Ұлттық банкке жіберіледі. Айта кету керек, шот иесі туралы мәліметтер, банк шоты туралы келісімшарт деректері, шоттың техникалық ақпараты және барлық операция туралы есеп, нақтырақ айтсақ түсімдер, пайыздар, бұғаттаулар түгел есепке алынады. Бұл тұрғыда азаматтардың жеке деректерін қорғау үшін ДИН, яғни деперсонализацияланған сәйкестендіру нөмірі енгізіледі. Бұл код шифрланған, сондықтан бөтен адамдар оны оқи алмайды, дейді мамандар.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу