Алматы облысында 10 жасар баланы қабаған үш ит адам танымастай етіп талап тастаған. Жеткіншек ауыр халде аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Серікбек Сахайбеков, ауыл тұрғыны:
Келсем, баланың оң құлағы жоқ, жұлып алған. Қанға қақалып жатыр екен. Баланың үстінен секіріп бардым да, итті өлтірдім, біреуіне пышақ сұқтым.
Осындай батыл әрі жылдам әрекетінің арқасында зейнеткер Серікбек Сахайбеков 10 жастағы Максимнің өмірін арашалап қалды. Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында болған бұл сұмдық жағдай тұтас жұртты шошытқан. Куәгерлердің сөзінше, балалар футбол алаңында ойнап жүргенде бірнеше ит ішке лап еткен. Жеткіншектердің көбі қашып үлгергенімен, сасып қалған 10 жастағы Максимге 3 ит бірдей шабуылдаған.
Екатерина Бурмистрова, Максимнің анасы:
Мен үйде болғанмын, бір бейтаныс әйел телефоныма хабарласып, балаңызды иттер талап тастады деді. Жүгіріп келсем, балам қанталап жатыр. Шошып кеттім. Өте ауыр жағдайда ауруханаға апардық.
Қабаған иттер баланың сау тамтығын қалдырмапты. Дәрігерлер дереу арада медициналық көмек көрсетіп, операция жасаған.
Алтай Достияров, Қарасай аудандық орталық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:
Ит тістеген жерлері: басын, кеудесін және сол қолында, аяғында жаралары бар. Қазіргі жағдайы кешегіге қарағанда бірқалыпты, орташа қалыпты.
Тұрғындардың айтуынша, иттер бұрын ауылдың Мәдениет үйі болып, кейін Нашақорларға арналған оңалту орталығына тиесілі. Қазір аталған мекеме жұмысының заңдылығы да тексеріліп жатыр. Ол үшін Ұмтыл ауылдық округы құзырлы органдарға ұсыныс хаттар жіберген.
Ислам Бауыржанұлы, Ұмтыл ауылдық округының әкімі:
Бұл кісілердің итті асырауы нысаналы мақсаты сәйкес емес. Итті асырай алмайды. Біздің Қарасай ауданының ветслужбасы бар, СЭС бар, жұмысын атқарады, иттерді бұл жерде ұстауға рұқсат етілмейді.
Алматы облысының Полиция департаменті оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Меруерт Морякова, Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі:
Оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жай жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесіне байланысты процессуалдық шешім қабылданады.
Ал балаларын енді далаға шығаруға да қорқып қалған ауыл халқы қауіпсіздікке қатысты нақты шара қабылданып, иттердің иесі жауапкершіліктен жалтарып кетпесе дейді.
Жазира Оразқызы
