Қосымша білім беруде ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Демек үйірме ата-ана мен баланың көңілінен шықпаса, қатысушы өзге орталықты қайта кезекке тұрмай-ақ, таңдай алады. Осылайша «ақша балаға беріледі» қағидаты сақталады. Оқушы қатыспаған сабақтар үшін мемлекет қаражат төлемейді. Жобаны бірнеше министрлік бірігіп қолға алған. Жаңашылдықтары көп.
Бұл үйірмеге ArtSport платформасы арқылы 100 шақты бала тіркелген. Бүгінде оның 70-і қатысады, қалғаны әлі кезегін күтіп жүр. Қосымша білім беруде бірыңғай ваучерлік жүйе іске қосылады дегелі ата-аналарда да, үйірме, секция жетекшілерінде де сұрақ көп.
Әйгерім Жұмашева, үйірме жетекшісі:
Көптеген жеткізушінің жаңа жобаға өтуі өте тиімсіз. Мемлекет әр баланы 21 мың теңгедей қаржыландырады. Енді сол қаржы 50%-ға дейін қысқартылуы мүмкін деп естідік. Бұл бізге өте тиімсіз. Себебі біздің шығынымызды өтемейді.
«Қаржы қысқармайды, бірақ тиімді игеріледі» деді пилоттық жобаға жауаптылар. Яғни, жаңа жүйе бойынша балалар 12 санатқа бөлінеді. Денсаулық жайы, әлеуметтік жағдайы, қандай секция, қай өңір деген сынды барлық ақпарат ескеріледі. Бұл балалардың кезек күтпей, қызметті жылдам алуына сеп болмақ.
Есет Байкен, қала әкімінің орынбасары:
Сау балаға да, ерекше қажеттілігі бар балаға да бір баға болғандықтан, қызмет көрсететін ұйымдар оған қызығушылық танытпай, тек сау балалалармен жұмыс істеуге ынталанды. Қазір осы пилоттық жобаның аясында біз ерекше балаларды 1-категорияға шығардық та, жоғары бағаны ұсынатын боламыз. Сөйтіп осындай санатты балаларға қызмет көрсетуге ынталандырамыз.
Балалардың үйірмеге іс жүзінде қатысқанын жетекшісі цифрлық жүйе арқылы тіркейді. Қызмет ақысын мемлекет тек қатысқан сабақ үшін төлейді. Ал егер үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ваучерге қайта өтінім бермей-ақ, басқа ұйымды таңдауға құқы бар. Пилоттық жоба әзірге 6 өңірде іске қосылды. Оң нәтиже көрсетсе, ел бойынша кезең кезеңімен енгізіледі.
Майра Мелдебекова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі:
Бұл жүйеде әр балаға 1 үйірмеге немесе секцияға тегін қатысуға мүмкіндік беретін электронды ваучерлар ұсынылады. 4 министрлікпен Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында пилоттық жоба басталды.
Жаңа жоба бойынша бір бала тек бір үйірмені таңдай алады. Ал қазіргі қолданыстағы жүйе жұмысын жалғастыра береді. Өзгерістер бірте-бірте енгізіледі. Бірақ ваучерді тек заңнамада белгіленген талаптарға сай келетін мекемелер иеленеді. Әсіресе санитарлық талаптарға баса мән беріледі.
Ақниет Балтанова
