Бұрынғы Әділет министрі 9 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұрынғы Әділет министрі 9 жылға сотталды

30.06.2025

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі айтты. Данияр Бегайдаровтың сөзінше, экс-шенеуніктің мүлкі тәркіленіп, аса ірі көлемде ұрлық жасау әрі алаяқтық фактісі бойынша жауапкершілікке тартылған. Еске салайық, Марат Бекетаев 2023 жылдың қазан айында қамауға алынды. Оған лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айып тағылған еді.

Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев 9 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Экс-шенеунікке қатысты қылмыстық іс алаяқтық, аса ірі мөлшерде ұрлық жасау, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактісі бойынша тергелді.

Перизат Қайратқа қатысты іс сотқа жолданды

Сондай-ақ қайырымдылық қорын құрып, 3 млрд теңгеден астам ақшаны жымқырды деп айыптылған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі сотқа жолданды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Атышулы істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарамақ.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу