Жаңа Салық кодексі Президенттің қол қоюына жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа Салық кодексі Президенттің қол қоюына жіберілді

29.06.2025

Жаңа Салық кодексін Парламент қабылдады, Президенттің қол қоюына жіберілді.

Осы уақытқа дейін көп айтылмаған жаңалықтарына тоқталайық:

- Жылдық табысы 230 000 айлық есептік көрсеткіштен (биыл мысалы, ол 900 миллион теңге) асатын фермерлерге 4,5 пайыз салық салынады. Бұған дейін олар салық төлемейтін;

- карталар арқылы жүргізілетін операциялар қосымша құн салығынан босатылады, бұл комиссиялардың қымбаттап кетпеуі үшін;

- сән-салтанат салығы: 75 миллион теңгеден қымбат көліктерге, сондай-ақ яхта мен ұшақтарға акциз салығы салынады;

- кемінде мүгедектігі бар 10 адам жұмыс істейтін компаниялар қосымша құн салығынан босатылады;

- газет-журналдар – отандық баспа өнімдеріне қосымша құн салығы 10 пайыз болып белгіленеді;

Сондай-ақ дүйсенбіде Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартын бекітті. Оған сәйкес, бұдан былай шетелден онлайн сатып алған тауарлар декларацияланады. Ал тауардың құны 200 еуродан немесе салмағы 31 келіден асса қосымша құн салығы төленеді және тағы 5 пайыз кедендік баж болады.

Жаңа өзгеріс бірінші кезекте, шетелдік сайттардан тұрақты түрде тауар алып, оны қайта сатумен айналысатын кәсіпкерлерге әсер етеді. Егер сіз 10 000 теңгеге тапсырыс берсеңіз, қосымша 500 теңге салық төлейсіз.

Салық төлеу тетігі нақтыланып жатыр. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл төлем автоматты түрде – төлем жүйесі арқылы немесе кедендік ресімдеу барысында алынады.

Вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салықтан жалтарудың «заңды» әдісін тапқан ірі компаниялар туралы айтып қалды. Әңгіме «Астана» халықаралық қаржы орталығына барып тіркелу туралы.

«Салықтан айырылып жатқан жеріміз бар. Астана халықаралық қаржы орталығы Қазақстан ішінде қосымша оффшорға айналуы мүмкін. Кәсіпорындардың бірі холдинг арқылы өзінің бас кеңсесін сол жерге көшіріп, соның салдарынан біз 200 миллиард теңгеден астам корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын жоғалттық» - деді С.Жұманғарин.

Журналистер Ұлттық экономика министрінен «200 миллиард салықтан жалтарған қай компания?» деп сұрай бастап еді, ол микрофонды өшіріп, кетіп қалды.

Осыдан кейін қоғамда, журналистер арасында заңның солқылдақ тұсын «сәтті» пайдаланып отырғандар кім?» деген сұрақ туды. Сарапшылар «ірі банктердің, пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын алпауыттардың, құрылыс компанияларының бұған қатысын жақсылап тексеру керек» деп отыр.

Мысалы, кейбір ақпарат құралы 2024 жылға дейін Люксембургте тіркеліп кейін «Астана» қаржы орталығына ауысқан Kazakhmys Holding Limited компаниясының 2021 жылдан небары 5,6 млн теңге салық төлегенін анықтадық деп жазды. Ал «Қазақмыс» холдингінің өзісоңғы 10 жылда бюджетке 23,6 млрд теңге аударыпты.

Осыдан екі ай бұрын Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Парламент қабырғасында осы мәселені көтерген еді. Депутат сол кезде «Астана» халықаралық қаржы орталығы олигархтар үшін «оффшорлық жұмаққа айналды» деп, 70-тен аса қазақстандық компанияның сонда тіркелгенін айтқан еді.

Ақпарат үшін айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы 2018 жылдан істейді. Қазақстанға көбірек инвестиция тарту үшін құрылған. Мақсат – шетелдік компаниялар Қазақстанға келіп, бизнес жүргізе алатындай жағдай жасау. Қазақстандық компанияларға шетелдік қор биржаларына шығып, инвестиция табуға мүмкіндік беру.

Ерекшелігі салық жеңілдіктері бар. Қазақстанның өз заңынан бөлек, ағылшын үлгісіндегі құқықтық жүйе қолданылады.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев ең төменгі жалақы 2026 жылы өсетінін, Еңбек және экономика министрліктері қазір есеп жүргізіп жатқандарын айтты. Соңғы үш жылдың көрсеткіштері сарапталады. Менің ойымша, ең төменгі жалақы 90 мыңнан сәл асады, деді қаржы министрі. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 10 процентке дейін өседі. Осы мақсатқа келесі жылдың бюджетінде 622 млрд теңге қаралған.

Қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңге, бір айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге, ал ең төменгі зейнетақы 62 771 теңге.

Тағы бір тоқталатын жаңалық: алғашқы АЭС құны 14 млрд доллар болуы мүмкін.

Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «Құны техникалық-экономикалық негіздеме бойынша анықталады. Бізде қазір компаниялар ұсынған индикативті өлшемдер бар. Ресми келісімге сай ұсыныстарды жария ете алмаймыз. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай деңгейдегі станция құны шамамен 14 млрд доллар болады», - деген. Ал оны салуға шамамен 7 жылға жуық уақыт кетуі мүмкін.

Жайна Сламбек


Хабарламаларға жазылу