Елімізде жыл сайын 1 мыңға жуық адам ми ісігіне шалдығады. Былтырдың өзінде Ұлттық хирургия орталығында 700 науқасқа ота жасалған. Бүгін осы аурудың алдын алу, емдеу жайы нейрохирургиялық Дүниежүзілік конгресте талқыланды. Жыл сайын шет мемлекеттерде ұйымдастырылатын ауқымды шара биыл алғаш рет Қазақстанда өтіп жатыр. Оған 20 елден 400-ден астам нейрохирург, ғалым келді. Олар өзара тәжірибе алмаса отырып, әлемдегі озық технологияларды зерделейді.
Нұржан Рыскелдиев, Ұлттық хирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
Жаңа технологиялар орнында тұрмайды, медицина саласында жылдан жылға дамып жатыр. Мына келіп жатқан 400 делегаттың жартысынан көбі жастар. Негізгі мақсат – тәжірибе алмасу, білім алу.
Сондай-ақ конгресте сирек кездесетін диагнозға шалдыққан науқастарға ем табу жолдары қарастырылмақ. Әлемдегі үздік 40 нейрохирург жас мамандарға дәріс оқиды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы конгрестен кейін Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, ауруды ерте анықтайтын құрылғылар сатып алынуы мүмкін.
Жанел Нұрболат
