Қытайдың оңтүстігінде төпелеп жауған жаңбыр алапат тасқынға ұласты. Қазір бірнеше провинцияда құтқару операциялары жүріп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, ондаған мың адам қауіпсіз жерге көшірілген. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Қытайдың Гуйчжоу провинциясында алапат тасқынмен күрес жалғасып жатыр. Мұнда Дулью өзені тасып, бірнеше уезді топан су басқан. Соңғы мәліметке қарағанда, 80 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқару операцияларына армия жауынгерлері, еріктілер, 100-ден астам ауылдың футбол командалары тартылып жатыр. Олар қайықтармен және өзге де құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Айта кетсек, кейінгі күндері Қытайдың оңтүстігі мен оңтүстік-батысында бірнеше провинция тасқыннан зардап шекті. Бұл апатқа Шығыс Азияда муссон жауындары маусымының басталуы себепші.
Тағы бір айта кететін жайт, Гуйчжоуда жауыннан лай көшіп, тау арасындағы көпірдің бір бөлігі опырылып түсті. Сол сәтте жол шетіне кабинасы шығып қалған жүк машинасындағы адамдар түгелдей құтқарылған. Мұны «Си-си-ти-ви» телеарнасы хабарлап отыр. Әзірге су апатынан қаза тапқандар немесе жараланғандар туралы мәлімет түскен жоқ.
Арыстан Рысбек
