Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысын өткізді

24.06.2025

Қазақстан шикізатты терең өңдеу және жаңа буындағы өнеркәсіптік өндіріс құру жолында батыл қадам жасады. Шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-пленарлық отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Жиын барысында Президент Қазақстанның инвесторларға жасаған жеңілдіктеріне тоқталып, ықпалдастықты арттырудың перспективалы бағыттарын атады.

Сарапшылар таяу жылдары жаһандық ІЖӨ өсімі шамамен 2,9 пайызға дейін баяулайтынын болжап отыр. Өйткені қазір жаһан экономикасы баяулап, инфляциялық қысым күшейді. Жеткізу тізбегіндегі кедергілер көбейді. Бұл халықаралық сындарлы диалогтың қажет екенін көрсетеді. Десе де Қазақстан секілді елдердің экономикасы сыртқы дағдарыстарға төтеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биылғы бес айда Қазақстан экономикасы 6 пайызға өсті. Оған көлік және логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу салалары көп үлес қосты. Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан орналасуы, адами капиталы және реформаларды жан-жақты жүргізуі инвесторларға да, ұлттық экономикаға да мол мүмкіндік береді.

Президент инвесторлардың мәселесін «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел шешуге бағытталған Инвестициялық штаб қызметіне тоқталды. Аталған штаб 70 миллиард долларды құрайтын 137 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Сондай-ақ заңнамаға инвесторлардың проблемасын жүйелі түрде шешуді көздейтін 140 түзету енгізуге бастамашы болды. Қаржысын құярда елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси және заңнамалық ахуалын толық зерттейтін инвесторлар бұл жұмыстарды жоғары бағалады.

Одиль Рено-Бассо, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті:

Қазақстанның инвестициялық позициясы өте жақсы. Осы өңірдегі көшбасшы ретінде танимыз. Қазақстан біз үшін Еуропа мен Азияның арасындағы табиғи көпір. Қазірдің өзінде біз қаржыландырып отырған жобалар жетерлік. Болашақта ынтымақтастығымызды одан да арттырамызға сенемін.

Президент инвестициялық перспиктивалы бағыттардың бірі ретінде тау-кен саласына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде терең өңдеуді ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылады. Еліміздің бай минералды-шикізаттық базасы, жер қойнауын пайдаланудағы заманауи заңнамасы мен ашық салық жүйесі жаһандық тізбектегі маңызды минералдарды жеткізу бойынша стратегиялық орнымызды қамтамасыз ететініне сенімдіміз.

Президент елде ерекше дамып келе жатқан цифрлық даму, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларындағы жетістіктерге де тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жоспарға сәйкес, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым темір жол салынбақ. Биыл «Достық – Мойынты» учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым болатын темір жол іске қосылады. Сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар», «Алтынкөл – Жетіген» секілді бірқатар дәліздерді кеңейтуді көздеп отырмыз. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанның темір жолдары арқылы өтетін жүк көлемін ұлғайтуға мүмкіндік аламыз.

Бхаргав Дасгупта, Азия даму банкінің вице-президенті:

Логистикалық мүмкіндіктерді барынша пайдалану үшін Қазақстанға әлі де біраз жобаларды қолға алу керек екені анық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарға үлес қосуға дайынбыз. Тасымалдау жылдамдығын арттыру үшін инфрақұрылымнан бөлек шекарадағы кедергілерді азайту да маңызды. Біз қазір энергетика саласына, жергілікті бизнеске және басқа да ауқымды жобаларға инвестиция құйып жұмыс істеп жатырмыз.

Қазақстан БҰҰ рейтингінде цифрландыру көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы 30 елдің санатына кіреді. Елдегі финтех компаниялардың саны 2018 жылдан бері 4 есе артты. Қазір елімізде сауданың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асады. Ал болашақта CryptoCity жобасы арқылы криптовалютамен есеп айырысуға болады.

Каан Терзиоглу, Veon тобының бас атқарушы директоры:

Билайн компаниясы арқылы Қазақстанмен бірге жұмыс істеп жатқанымызға 20 жылға жуықтап қалды. Елдегі цифрлық даму жұмыстарына үлес қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Мысалы, біз ауыл-аймақтарға байланыс тарту жұмыстарына үлес қостық. 2020-24 жылдар аралығында 1400-ге жуық елді мекенде жұмыс істедік. Енді бұл жұмыстарды ары қарай жалғастырамыз деп сенемін.

Мемлекет басшысы халықаралық серіктестерді цифрлық жобалармен қатар жасанды интеллект инфрақұрылымдарын дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу