Ұлттық қордан тағы да қаржы бөліне ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қордан тағы да қаржы бөліне ме?

22.06.2025

Парламент Жоғарғы аудиторлық палатаның 2024 жылғы мемлекеттік бюджеттің орындалуы жөнінде есебін тыңдаған.

Мәжілістегі «Аманат» партиясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев жасаған баяндамадан үзінді келтірсек:

... Былтыр Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 трлн теңге алынса, биыл тағы 5,3 трлн теңге жаратылады. Яғни 2024 жылы бюджеттің 25 проценті, 2025 жылы 23 проценті Ұлттық қордан толтырылады. Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды. Қынжылтатыны осы.

Енді бұл шығыстарды азайту өте қиын, себебі бұл еліміздегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық міндеттерді тоқтатып қана қоймай, басқа да соққыларға әкелуі мүмкін аксиомаға айналды.

Екінші мәселе – азық-түлік бағасы. Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болды. Яғни, 150 пайызға күрт көтерілген...

Елнұр Бейсенбаев жұмыссыздық көрсеткішіне де тоқталды. Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы нақты әрі тұрақты жұмыс істеп жүр. Ал қалғандары қайда?! Меніңше, пандемия уақытында 42 500 теңгеден көмек алған – 4,5 миллион халықты әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз деді депутат.

Сондай-ақ, 2 жылдың ішінде халықтың банктерге тұтынушылық несие қарызы 25 триллион теңгеге жеткен. Бұл – еліміздің бюджетіне пара-пар сома. Яғни біз қарызға өмір сүріп жатырмыз деген сөз.

Жайна Сламбек

Хабарламаларға жазылу