Қазақстанның ауылдарына «Старлинк» спутниктік интернеті орнатылады. Бүгін Сенатта өткен дөңгелек үстелде Цифрлық даму министрінің орынбасары осылай деп мәлімдеді. Қазір ел бойынша 1049 елді мекенге интернет желісі әлі тартылмаған. Байланыс операторлары кей ауылдарға оптикалық талшық тарту тиімсіз екенін алға тартып отыр. Жаңа желіні жеткізу тым қымбатқа түседі. Ал құйылған қаржыны ақтау мүмкін емес дейді олар. Цифрлық даму министрлігі 2027 жылға дейін барлық елді мекенді интернет желісіне қосамыз деп жоспар қойған. Сондықтан ғаламтор жеткізудің жаңа жолын қарастырып жатырмыз деді вице-министр.
Досжан Мұсалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:
Ол жерлерге спутниктің интернетті алып баруды көздеп отырмыз. Қазір біз Старлинк компаниясымен келісімшартқа отырдық. Одан басқа УанУеб компаниясы бар. Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Одан басқа Қазақстандық оператор KazSat бар. Соларды қолдана отыра, алыс жерлерге, ауылды мекендерге, таулы жерлерге интернетті жібереміз деп көздеп отырмыз.
Оңғар Алпысбайұлы
