Елімізде бала саны жөнінен ең көп өңір саналатын Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесі «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында шешіліп жатыр. Аймақта 3 жылда 63 жаңа мектеп салу жоспарланса, биыл оның 13-і пайдалануға берілді. 7 мыңнан аса оқушы заман талабына сай салынған ғимараттарда білімін шыңдауда. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп іске қосылмақ. Мәселен, Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ошағында балалар жылдар бойы апаттық жағдайдағы мектепте оқып келсе, оның орнына жаңа ғимарат салынды. Бүгінде осынау «Келешек мектебінде» жалпы саны 1300 -ге жуық оқушы білім алады. Ал Шардарада ескі ғимаратта дәріс өтіп келген №12 мектептің мыңға жуық оқушысы да қазір «Келешек мектебіне» көшірілді.
Жанар Мырзамұратова, мұғалім:
Бұрын біз 8 жылдай ыңғайластырылған шағын мектепте отырдық. Қараңғылау, күңгірттеу жерде өзім 8 жыл отырдым. Бүгін, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, тамаша ғимаратқа келдік. Кең, жарық, жылы. Оқушыларға барлық жағдай жасалған. Кабинеттердің жабдықталуы барлық пәндер бойынша жақсы жабдықталған.
Айнұр Әбілқасымқызы
