Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гарвард университеті шетелдік студенттерді қабылдау құқынан айырылды

23.05.2025

Гарвард университетінде «Болашақ» бағдарламасымен 7 қазақстандық студент оқып жатыр. Бұл – еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі. Министрлікте басқа бағдарламалар немесе өз қаражатына оқып жатқан студенттер туралы мәлімет жоқ. АҚШ Президенті Дональд Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды. Мұны АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрлігі мәлімдеді. Жоғарғы оқу орнының студент алмасу бағдарламасын жүргізу куәлігінің күші жойылған. АҚШ-та білім алғысы келетін шетелдіктер F немесе M визасын алуы керек. Ал виза алуға қажет құжаттарды тек алмасу бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдауға арналған оқу орындары бере алады. Демек, Гарвард шетел студенттерін қабылдай алмайды. Ал қазір оқып жатқан шетелдіктер басқа университетке ауысуы тиіс. Гарвардта былтыр 7 мыңдай шетел студенті оқыған. Бұл – осы университетте жалпы білім алушылардың 27,2 пайызы. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу