Биыл Ақтөбе облысында 2,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 1,5 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл туралы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың облыс жұртшылығымен кездесуінде айтылды.
Жиынға еңбек ұжымдары, мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және дарынды жастар қатысты. Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және өңірді дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады. Аймақта бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 3 мыңнан астам халқы бар 10 ауылға ауызсу жүргізу, 10 мыңдай адамды қамтитын 24 ауылды газдандыру жоспарланған.
Жыл соңына дейін 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. 11 медициналық нысан, 12 мың орынға шақталған 24 мектеп салынады. Сенаторлар сапар барысында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр.
Жақсыбек Кемал
