Түркістанда түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының төрағалары бас қосып, орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ережеге қол қойды. Бұл құжат ұйымға мүше елдердің орталық сайлау органдары арасында жүйелі ынтымақтастық орнатып, өзара түсіністікті нығайтуға сеп болмақ.
Конференцияда түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының ортақ мәселелері талқыланды. Тараптар сайлау науқанын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету жаңа технологияларды дамыту жолдарын қарастырды.
Ермек Әбдірасылов, ОСК жанындағы сарапшылық кеңестің мүшесі:
Түркі мемлекеттерінің сайлау жүйесін ары қарай да арттыру, сайлау мәселесі бойынша туындайтын проблемаларды бірлесіп шешу, жаңа технологияларды пайдалану, жасанды интеллект, цифрландыру дейміз, ол түркі мемлекеттерінің ары қарай да дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймыз.
Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Мажарстанның орталық сайлау органдарының басшылары түркі мемлекеттері үшін маңызды құжатты бірауыздан қолдады. Түркі мемлекеттері орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасы туралы Ереже бекіді.
Тынчтык Шайназаров, Қырғыз Республикасы ОСК төрағасы:
Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асты. Біз бұны қолдаймыз. Бұл бір табиғи үндестік деп атап өткім кіледі. Өйткені түркі мемлекеттері арасындағы интеграциялық байланысты қарайтын болсақ, ол кең ауқымды, жан-жақты, барлық салада жүріп жатыр. Сондықтан бүгінгі құжат түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түседі деп сенімді айта аламын.
Бұл құжат сайлау және референдум кезінде халықаралық байқау миссияларын ұйымдастыру арқылы көпжақты ынтымақтастық пен үйлестіруді дамытуға мүмкіндік береді дейді мамандар.
Нұрлан Әбдіров, ОСК төрағасы:
Жаңа тәжірибе, жаңа білім, жаңа тәсіл. Сайлау жүйесін ары қарай дамыту, сайлау кезіндегі қолданатын әртүрлі заманауи технологиялар, себебі қазіргі кезде электрондық дауыс беру туралы көп айтылады. Ол біреуімізде бар, біреуіміз енді зерттеп жатырмыз. Сондықтан барлық әріптестерімді құттықтаймын және киелі Түркістан топырағында болып жатқанының да символикалық мәні бар.
Сондай-ақ жаңа ереже ТМД елдерінің орталық сайлау органдары арасында жүйелі ынтымақтастық орнатуға ықпал етпек. Сайлау рәсімдері бойынша диалог, ақпарат, үздік тәжірибе алмасу үшін платформа құрылады. Бұл сайлау процестеріне инновациялық тәсілдер мен технологияларды енгізуге жол ашпақ.
Айнұр Әбілқасымқызы
