БҚО-да ақбөкендер егіс алқаптарын отап кеткен
Батыс Қазақстан облысының шаруалары биыл да «киіктен зардап шегіп отырмыз» деп дабыл қағуда. Ауыл тұрғындары киіктің санын реттеуді сұрайды. Айтуларынша, ақбөкен енді шыққан көкті отап кетіп жатыр. Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық құрылтайда Үкіметке «білікті мамандарды жұмылдыра отырып, киіктен зардап шеккен шаруалар мәселесін жан-жақты зерделеп, байыпты шешім қабылдауды» тапсырған болатын. Мәселе қалай шешіледі? Тілшіміз тараптарды тыңдап келді.
Өңірде киік санағы аяқталды. Қорытындысы айдың соңында шығады. Ал былтырғы ресми дерек бойынша, облыста 2 млн 300 мың киік бар. Төлдеу енді басталды. Алайда ақбөкеннің көбеюі шаруаға соққы болып тұр. Бөкейордалық Мырзабай Боранбаев 650 гектар жерге судан, изен секілді көпжылдық шөп еккен. Ғалымдардың кеңесіне сүйенген. Өзінің мамандығы да ботаник. Киіктің тұяғы топырақты тоздырып жатыр дейді шаруа. Мың сан киік жерді қазып, айналаны шұңқыр қылып тастапты.
Мырзабай Боранбаев, шаруа, Бөрлі ауылының тұрғыны:
Киік тек қана жердің бетіндегі флораны жойып жатқан жоқ, киік мына жердің өзін аздырып, эрозияға әкеліп тұр. Біздің жер құмайт, құмды жер. Мінекей, мынадай етіп, осындай диаметрде қазады. Мынау үш жыл бұрын қазғаны. Әлі дым да өспейді, жүргізбейді трактор-техниканы.
Киіктің зардабын тартқан шаруалар жерлерін жаппай қоршап жатыр. Ағайынды Сисенғалиевтер Қытайдан арнайы станок алдыртып, тор жасап, өндіріске шығарған. Тордың биіктігі - 1,2 метр. Сымның қалыңдығы - 2 мм. Мемлекет қоршауға кеткен қаржының тең жартысын субсидияламақ. Алайда ереже бойынша сымның биіктігі - 1,6 метр, қалыңдығы - 2,5 мм болуы керек. Шаруалар бұған келіспей отыр.
Руслан Сейсенғалиев, шаруа:
Мына киіктің көптігінен, тіптен шабындық та, жайылыс та қалған жоқ. 2 500 гектар жеріміз бар. Соны қоршайын деп істеліп жатқан шаруамыз. Мына сымның қалыңдығы - 2 милиметр. Оны біз ойлап шығарған жоқпыз. Ол енді дүниежүзілік сараптамалардың есебімен барлығы осымен қоршап жатыр. Ал, бізде 2,5 мм сым болуы керек дейді. Биіктігі 1,60 м болуы керек дейді. Мында 1,40 м. Мынадан артық секіреді деп тіпті…
Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының шаруалары киік мәселесін соңғы алты-жеті жылдан бері көтеріп келеді. Түз жануарынан кене қаптап, шашылып жатқан өлекселерінен ауру тарап жатыр дейді.
Нәбиолла Мекетаев, шаруа, Жақсыбай ауылының тұрғыны:
Киік бұрын да болды. 79-78-дер мен мектеп бітіргенде болды, бірақ аз болды ауылда. 150-леп, 100-деп жүрді. Қазір тіпті көбейіп кетті. Қиын болып тұр. Шөптің нағыз бетін жеп кетеді де, содан кейін шөп өспей қалады. Отырдың ба тек үстіңе таскене жабыса қалады. Сол киіктің таскенесі. Жылқы өліп жатыр биыл. Былтыр мал өлді.
Ал Экология министрлігінің мәліметінше, шаруалардың егістігін қорғау үшін өңірде 43 мобильді топ құрылған. Хабарлама түскен бойда күш пен техника жіберіліп, мамандар киіктің басын қайырады. Ал санын реттеу мәселесі әлі шешілмеген.
Асқар Әбдірахманов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің басқарма сарапшысы:
Ату мен аулауға қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін бізге ғылым анықтап айтып беруі керек. Мысалы, БҚО-да қанша киік болу керек, қаншасын алу керек. Киік санын басқару керек пе? Сол ғылыми жұмыстардың қорытындысын күтіп отырмыз.
Былтыр үш ауданда төтенше жағдай жарияланып, киік зардабын жою үшін 4,1 млрд теңге бөлінді. Оның 500 млн-ы тұрғындарға жем-шөп тасымалының шығынын өтеуге, ал 3,6 млрд теңгесі шаруаларға мал азығын дайындау үшін берілді.
Ардақ Мұратқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
