Түркістан облысының Мақтаарал ауданында шаруалар күріш еге алмай отыр. Айтуларынша, суға жауаптылар оларға жаппай күріш еккендерге «ағын су берілмейді» деп ескерту жасаған. Ал диқандар болса судың кезегін үш жылдан бері күтіп шаршадық, дейді. Қазір жерін күрішке лайықтап жыртқызып қойғанымен, бос тұр. Тараптардың пікірін тілшіміз тарқатады.
Мақтаарал ауданындағы Еңбекші ауылдық округінің шаруалары жерлеріне жылдар бойы мақта егіп келеді. Алайда тоқтаусыз мақта еккен алқаптар әбден сорланып, құнары кетіп қалған. Салдарынан өнімділік төмендеп, табыс табудан қалдық дейді. Тіпті шыққан шығынды да ақтамайды. Биыл жердің сорын кетіру үшін әкімдіктегілер мен суға жауаптылар мақта егіңдер деп ескерту жасаған.
Мыңтөре Қауымбетов, шаруа:
3 жылдан бері су береміз, күріш еге беріңдер деп уәде береді. Ол уәдесінен көктемде шықпайды. Былтыр да әні егеміз, міне егеміз деп жүріп, ақырында су жетпейді деді. Биыл су бермесе, мүлдем бас көтере алмай отыратын жағдайға кеп тұрмыз.
Жұмақұл Жаппарбек, шаруа:
25 жылдан бері мақта егіп келе жатырмыз. Мақта жер шаршаған. Жер ауыспалы егіс болу керек.10-ақ пайыз мақта аламыз. Қауын ексек мүлдем болмайды. Жоңышқа ексек те болмайды, арам шөп басып кетеді. Жер шаршаған.
Ал суға жауапты саланың өкілі күрішті алқапты көбейтуге жоғарыдан шектеу барын жеткізді. Биыл Өзбекстаннан келетін Достық каналында судың тапшылығы жоғары болатыны шаруаларға алдын ала ескертілгенін айтады.
Құттыбай Сырбасов, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің басшысы:
Суды бойындағы бәріне күріш егілсе мен су жеткізіп бере алмаймын. Оны әзірден айтып жатырмын. Мақта болса жеткізіп беремін. Өйткені, олардың күріш пен су тұтыну нормасы басқаша.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласы мамандары болса, күрішке қажетті суға мүлдем лимит бөлінбеген деп отыр. Соған қарамастан 1415 гектар алқапқа күріш егуге су сұратқан. Алайда ақ маржанға ауысқысы келетіндердің қатары биыл 4-5 есе артқаны жағдайды күрделендіріп тұр екен.
Баязит Әлімқұлов, Мақтаарал ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
Әзірге мүмкіндік бар. Мысалыға, мамыр айының 15-не дейін мақта дақылын егуге мүмкіндік бар. Қазір сұраса біз қысқы сор шаю, былайша айтқан кезде сорды жуып алуға су тауып бере аламыз. Қазіргі таңда Достық каналында су бар. Кез-келген уақытта су ажыратып бере аламыз.
Яғни, мамандар қазір шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мақта егуге кеңес беріп отыр. Ал ол шығынды ақтайды ма, жоқ па, ол жағы әзірге басы ашық мәселе күйінде қалып тұр.
Айнұр Әбілқасымқызы
