Алматы облысында Мұқағали Мақатаев пен Илья Бахтияға ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында Мұқағали Мақатаев пен Илья Бахтияға ескерткіш қойылды

02.05.2025

Алматы облысында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев пен ұйғыр этносының ақыны Илья Бахтияға ескерткіш ашылды. Шонжы ауылында бой көтерген қос мүсін Қазақстан халқы бірлігі күніне орай ашылды. Бұл тас мүсін – поэзияға, достық пен бауырластыққа қойылған тағзым, болашақ ұрпақ үшін рухани мұра, - дейді өңірдің ақсақалдары. Шараға қатысып қайтқан әріптесім жалғастырады.

Тірісінде дос болып, сыйластықтарына сызат түсірмеген қос ақынның еңселі ескерткіші тегіннен тегін бой көтерген жоқ. Олардың өнегелі өмірі – жастарға үлгі. Мұқағали мен Илья – поэзия мен руханият жолында миссиясын орындаған жандар, дейді аудан әкімі.

Бота Елеусізова, Ұйғыр ауданының әкімі:

Бұл тек екі ақынға ғана көрсетілген құрмет емес. Бұл екі халықтың достығының дәлелі, көрінісі деп білеміз. Илья Бахтия – Ұйғыр ауданы Кіші Диқан ауылының тумасы. Көзінің тірісінде екеуі жырда да, өнерде де, адами тұрғыдан да өте жақын дос болған.

Еңселі ескерткіштер Шонжы ауылының ажарын аша түсті, дейді шараға жиналғандар. Салтанатты ашылу рәсіміне Мұқағали мен Ильяның ұрпақтары да келіп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді. Ел ағалары мен ауыл ақсақалдары бұл тас мүсін екі халықтың достығының нышаны деп отыр.

Ызғарбек Бектұрсынов, Алматы облысының құрметті азаматы:

Кеше ғана Президентіміз бүгінгі қоғамның дамуындағы ең үлкен тетік халықтардың арасындағы ынтымақ, достық деп айтты ғой. Соған сай Қарадаладағы бүгінгі жасалынған ескерткіш қоғамның дамуына, ұлтымыздың ары қарай саналы өсуінің көрінісі ретіндегі қойылған жұмыс деп ойлаймыз.

Осыдан кейін ауданның орталық алаңында Бірлік күні тойланды. Игі шара аясында ел татулығы жолында тер төгіп жүрген жандар мерекелік медальмен марапатталды. Сонымен қатар Қарадала халық театрының қатысуымен шағын пролог қойылып, Мұқағали мен Илья бейнелері көрерменнің жүрегіне жол тартты. Мұқағали өлеңіне жазылған әндер жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу