Екпе алмаған балалардың көптігінен жұқпалы аурулар көбейген. Бұл туралы мамандар Астанада өткен «Еуропалық иммундау апталығы» аясындағы кездесуде айтты. Жиналғандар екпенің ерекше балаларға әсерін талқылады.
Роза Әленова жүктілігінің 32 аптасында қызы Айшаны аз ғана салмақпен дүниеге әкелді. Дәрігерлер нәрестеге оттегі жетіспеушілігі, оң жақ бөлігінің сал болуы, құлағының нашар естуі сынды түрлі диагноз қойған. Сәбиінің денсаулығына алаңдаған ана отбасымен Маңғыстаудан Астанаға келіп, мықты мамандар іздепті.
Роза Әленова, Маңғыстау облысының тұрғыны:
Осы орталыққа келгеннен кейін бізге телефон шалып ескертті. Вакцина алуымызды талап етті. Содан біз учаскелік дәрігерімізге барып, осы күнге дейін барлық вакцинаны алдық. Өзім ойлаймын, осы екпенің арқасында қызым ауырған жоқ.
Астанада ерекше балаларды вакциналау бойынша жиын өтті. Сала мамандары «жұқпалы аурулардан көз жұматын сәбилердің басым бөлігі – екпе алмағандар»,-дейді. Сондықтан ең алдымен ақпарат халыққа дұрыс түсіндірілуі тиіс.
Манар Смағұл, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы төрағасының орынбасары:
Бас тартудың негізі – вакцинадан қорқу. Ал қорқу не себептен туындайды десек, ол - білімнің жетіспеушілігінен. Бұл бағытта Қазақстан бойынша бірнеше зерттеу жүргізілген. Сол зерттеуге сүйене отырып, біздің орталықтың негізінде egu.kz деген сайт бар, сол сайт жүргізіледі.
«Науқас баланың жағдайын ушықтырмаудың басты жолы – вакцина»,-дейді дәрігерлер. Әйтсе де, балаға екпе салмас бұрын, оны толыққанды дайындау керек. Мәселен, шетелдерде мұндай тәжірибе бар. Чилиде аутизм диагнозы бар балаларға екпе салу бағдарламасы қарастырылған. Ал Финляндияда ерекше балаларға 12 түрлі ауруға қарсы тегін вакцина ұсынылады. Үндістанда да барлық баланы егу міндеттелген.
Елімізде жыл сайын 4 миллионнан астам адамға вакцина егіледі. Оның тең жартысы – балалар. Бүгінде 21 инфекцияға қарсы иммунды екпе егу қарастырылған. Бір өкініштісі, халықтың вакцинаға күдігі көп»,-дейді дәрігерлер. Соңғы 2-3 жылда уақтылы екпе алмағандардың көптігінен елде көкжөтел мен қызылша сынды жұқпалы аурулар көбейген.
Ақниет Балтанова
