Өңір тұрғындары сенбілікке белсенді қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңір тұрғындары сенбілікке белсенді қатысты

26.04.2025

Себілікке өңірдегі тұрғындар да белсенді қатысты. Облыс орталықтарында көпшілік баратын саябақтар ретке келтіріліп, туристер жиі баратын көрікті жерлердің аумағы тазаланды.

Маңғыстаудағы туристік аймақтардың бірі - Айрақты тауы. Жазда адамдар мұнда көп келеді. «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің инспекторлары өңір тұрғындарын табиғатты аялауға шықырды.

Мұхаммедрайым Боранбаев, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкері:

Келушілердің көптеп қоқыс тастауынан барлығы тазаланып, барлығы арнайы полигон орындарға төгіледі. Сонымен қатар осы Айрақты тауынан бөлек, өзімізге қарасты Қызылсай паркі және Манашы, Жабайұшқан қаумалдарында тазалық акциясы жүріп, аң-құстардың бұлақ көздері ашылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.

Ал Таразда тазалық акциясынан тәртіп сақшылары да тыс қалмады. Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы мен өзге де мемлекеттік мекемелердің 50-ден астам маманы «Бәйтерек» шағын ауданын тазалап шықты.

Абылай Есболатов, Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

Тазалық - әр адамның, әр жеке тұлғаның өзінен басталады. Алдағы уақытта табиғатты аялау барысында біз аянып қалмаймыз, көптеген талдарды отырғызамыз. Әрине, табиғатты аялау әр азаматтың борышы деп санаймын.

Экологиялық шара Қостанайда да жалғасты. Мыңнан астам қала тұрғыны, еріктілер мен мекеме қызметкерлері сенбілікке шықты. Олар көше бойымен саябақ аумағына 5000-нан астам көшет отырғызды.

Ержан Тілеубаев, қала тұрғыны:

Қаламызды көркейтуге, жасылдандыруға қол үшін беріп отырмыз. Бұл жаңа шағын ауданда ағаштар аз, егілмеген деуге болады. Экологияның тазаруына, ауаның тазаруына, келешек ұрпаққа үлгі қалдырып, келешек ұрпақ ізгі іспен әрі қарай айналысса деп ойлаймын.

Ал Қарағанды қаласында еріктілер мен қала тұрғындары көшелер мен скверлерді қоқыстан тазартты. Қала аумағына 1000 ға жуық қарағай, акация, алма және де басқа да ағаштардың көшеттері отырғызылды.

Нұргүл Ахметова

Хабарламаларға жазылу