«Қазақстан» РТРК АҚ қызметкерлері 100 көшет отырғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» РТРК АҚ қызметкерлері 100 көшет отырғызды

26.04.2025

Сондай-ақ бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкерлері де жалпыұлттық сенбілікке шығып, 100 түп көшет отырғызды. Микрофон мен камераны уақытша күрекке айырбастаған БАҚ өкілдері табиғатқа жанашырлық танытып, игі бастаманы ұйымшылдықпен жүзеге асырды.

Экологиялық акцияға Ұлттық арна, «Абай ТВ», «Қазспорт» және «Балапан» телеарнасы, сондай-ақ «Қазақ радиолары» ұжымынан жиналған 200-ге жуық адам қатысты. Олар Әбіш Кекілбаев пен Жошы хан көшелерінің қиылысына қайың және үйеңкі ағаштарын егіп, елорданы абаттандыруға атсалысты. Бұл көгалдандыру жұмыстары Астананың ауасын жақсартуға, сондай-ақ ұжымдық бірлікті нығайтуға бағытталған.

Жайна Сламбек, «Aпта» бағдарламасының жүргізушісі:

Жан-жағымызды, қоршаған ортаны, көшелерді, барлық жерді күл-қоқыстан тазарту және көшет отырғызудың символдық мән бар деп есептеймін. Ол мына сананы өсіру, ойды өсіру, пайымды өсіру, өрені өсіруге барып тірелетін сияқты. Жалпы, мидағы күл-қоқыстан арылумен астасатын дүние деп есептеймін.

Иә, тал егіп, елорданы көгалдандыруға аз да болсын үлес қостық. Осылайша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында челленджді біз «Хабар» агенттігіндегі әріптестерімізге жолдадық.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу